Ақтөбе облысында кешіктірілген пойыздардың жолаушыларына билет құны қайтарылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысында жүк вагондарының жолдан шығып кетуіне байланысты кешіктірілген пойыздардың жолаушыларына билет құны өтеледі.

«Әрине, билетке жұмсалған ақшаның құны қайтарылады. Жолаушылар жеткен бойда отырғызу талонымен кассаға баруы керек. Атап айтқанда, ақшаны қайтару бойынша нақты ақпарат кассада түсіндіріледі», - деп хабарлады «Қазақстан Темір Жолы» АҚ анықтама қызметінен. 
Естеріңізге сала кетейік, 31 шілдеде сағат 02:10-да Ақтөбе жол бөлімшесі Никелтау-Әйтеке бір жолды учаскесінде Жоса-Құдықсай аралығында кен артылған 22 жүк вагоны жолдан шығып кетті. Оқыс оқиғадан ешкім зардап шекпеді. Бұл оқиғаға байланысты  №20 «Астана-Атырау» және №88 «Астана-Ақтөбе» екі жолаушылар пойызы кестеден кешікті. Қазіргі кезде аталған желіде қозғалыс жанданып, пойыздар кесте бойынша жүріп жатыр.