Ақтөбе облысында киік атқан браконьерлер ұсталды
«5 желтоқсан күні сағат 15:45 шамасында «Охотзоопром» ӨБ» РМКК Ақтөбе өңірлік филиалының инспекторлары Ақтөбе облысының Шалқар ауданы аумағында рейд жүргізу барысында Toyota Land Cruiser 100 маркалы автокөлікті байқаған. Инспекторлар көлік ізіне түскеннен кейін күдіктілер заңсыз аңшылық айғақтарын жасыру үшін көлікті өртеп жіберген. Осыдан кейін Қызылорда облысының екі тұрғыны ұсталды», - деді ол.
Оның атап өтуінше, күдіктілер киікті заңсыз аулаумен айналысып жүргенін мойындаған. Көлік салонында атып алынған екі киіктің тұтас еті, 12 калибрлі екі мылтық, пышақ, канистрдегі бензин, шамамен 50 оқ-дәрі болған.
«Қазіргі уақытта Шалқар аудандық полиция бөлімінің жедел тергеу тобы оқиға орнын тексеріп жатыр. Аталған факті Ақтөбе облыстық полиция департаменті Шалқар аудандық полиция бөлімінде 5 желтоқсан күні тіркелген», - деді Сәкен Ділдахмет.