Ақтөбе облысында «Құқық тәртібі» шарасының алғашқы күнінде 10 мас жүргізуші ұсталды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысы аумағында полицейлер 11-13 желтоқсан аралығында «Құқық тәртібі» жедел алдын алу шарасы өткізуі тиіс.

Аталмыш ара облыс аумағында көшелер мен қоғамдық орындарда қылмыстардың алдын алу, құқыққа қарсы іс-әрекеттердің жолын кесу, сондай-ақ әкімшілік-құқық бұзушылық деректерін анықтау мақсатында ұйымдастырылған.

Іс-шараның 1-ші күнінің нәтижесі бойынша тіркелген 25 қылмыстың 16-ның ізі суымай ашылды. Сондай-ақ іздеуде жүрген 3 адам ұсталды. Сондай-ақ тыйым салынған заттар, яғни қару-жарақ және суық қару ұстаудың 35 дерегі, есірткі заттарын тасымалдаудың 1 дерегі, тіркелмеген атыс қаруын және оқ-дәрілерді заңсыз алып жүрудің 2 дерегі, суық қару (пышақ) алып жүрудің 30 дерегі анықталды.

Сондай-ақ барлығы 650 әкімшілік құқық бұзушылық дерегі тіркеліп, оның 74-і ұсақ бұзақылық дерегі болса, 10жүргізуші көлікті мас күйінде басқарған.