Ақтөбе облысында рақымшылыққа іліккендер жұмысқа орналасуға асығар емес

Фото: None
  АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай рақымшылыққа іліккен 122 ақтөбелікті жұмыспен қамту қажет. Қазір төрт адам түрмеден шыққан. Олардың ешқайсысында арнайы мамандық жоқ. Үйлеріне оралғандар әзірге жұмыспен қамту орталығына бармаса да мекеме 200-ден астам жұмыс орнын ұсынып отыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Биыл Ақтөбе облысы бойынша 122 адам рақымшылыққа ілікті. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына 76 адамның тізімі келіп түскен. Олар таяу уақытта абақтыдан шығып, отбасына оралады.

«Бостандыққа шығатындардың 13-і ауыр емес, 63-і орташа ауыр қылмыс жасаған. Абақтыдан шығатындардың 30-ға жуығы жастар. Арасында бір зейнеткер бар. Біздің міндетіміз осы адамдарға жұмыс ұсынып, еңбекке араластыру. Қазіргі уақытта аспаз, темір ұстасы, көлік жүргізушісі, күзетші секілді 200-ден астам бос жұмыс орны ұсынылды. Оларға 50 мың теңгеден астам жалақы беріледі. Түрмеден босап шыққандарды міндеттей алмаймыз, бірақ олар үнемі бақылауда болады», - дейді облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат Отаров. 

Ақтөбе облысы бойынша 4 адам түрмеден босап шықты. Олардың екеуі қалада, екеуі аудандарда тұрады. Ешқайсысы да жұмыспен қамту орталығына келіп, тіркелмеген. Тіпті, арнайы мамандықтары да жоқ.

«Түрмеден босап шыққандар үшін мемлекет арнайы квота бөліп отыр. Яғни, олардың жұмысқа орналасуы үшін бар жағдай жасалады. Ал арнайы мамандығы жоқ адамдар қысқа мерзімді курстарда оқытылады. Бұл жұмысқа биыл 219 миллион теңге бөлінді. Ауылдан қалаға келіп білім алатындар үшін шәкіртақы тағайындалып, пәтеріне, жолына ақша беріледі. Бұл квотада қарастырылған қамқорлық», - дейді Қайрат Отаров.

Айта кетейік, өткен жылы түрмеден босап шыққан 264 адамның 92-сі ұсынылған жұмыстан бас тартқан. Олардың бір бөлігі келісімшартсыз, жалдамалы жұмысқа кірген, бір бөлігі денсаулығына байланысты мүлде еңбек етуден бас тартқан. Тіпті, жалақысы аз деген сылтау айтқан 33 адам жұмыстан бас тартты. Ал екеуі қайта сотталып кетті.

Алтынай Сағындықова

Соңғы жаңалықтар