Ақтөбе облысында Студенттік лига құрылды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысында Студенттік лига құрылды.  Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық Жастар саясаты мəселелері басқармасының басшысы Нұрлан Күнтуов мəлімдеді.

«Мемлекет басшысы «Қазақстандықтардың əл-ауқатының өсуі: табыс пен өмір сүру сапасының артуы» атты Жолдауында спорт ғимараттарын, əсіресе оларды оқу орындарында тиімді пайдалану бойынша біздің алдымызға міндеттер қойды. Президенттің тапсырмасын орындау мақсатында 12 қазан мен 9 қараша аралығында «Студенттік лига» өткізіледі. Жарыс Марат Оспанов атындағы БҚММУ-нің базасында өтеді»,-деді Нұрлан Күнтуов.

Оның айтуынша, «Студенттік лига» аймақ арасында ЖОО-ның ынтымақтастығын нығайту, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, сонымен қатар оларды ұйымшылдыққа, командалық қарым-қатынасқа тарту жəне жастардың спорттық-бұқаралық ойындарға деген қызығушылықтарын арттыру, сондай-ақ құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында өткізіледі.

Жарыс шахмат, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, волейбол жəне баскетбол секілді спорттың бес түрінен өтетін болады. Оған ЖОО-нан 200 студент қатысады.

Айта кетейік, Ақтөбеде 24 мың студент оқитын 6 жоғары оқу орны бар.