Ақтөбе облысында үш мектеп ашылды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысында 3 мектеп қолданысқа берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үш мектептің бірі – Ақтөбе қаласы Рауан елді мекенінде №74 орта мектеп. 300 орындық мектеп құрылысы 2019 жылдың тамыз айында басталған болатын. Білім ошағына бүгін облыс әкімі Оңдасын Оразалин барып, нысанның құрылыс сапасын бақылап, ата-ана, оқушылармен кездесті.

«Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Ауқымды тапсырмалардың бірі – білім сапасын дамыту. Осы мақсататта өңірде бірқатар жұмыс іске асып жатыр. Болашақ ұрпаққа сапалы тәрбие беру үшін олардың жағдайын жасауымыз қажет. Кең, заман талабына сай бой көтерген білім ошағында білімді, елге қызмет етер азаматтар тәрбиеленеді деп сенемін», - деді өңір басшысы О.Оразалин.

№74 орта мектепте 26 оқу сыныбы, информатика кабинеті, шеберхана, спорт залы, асхана, кітапхана, медицина кабинеті бар. Жылу қазандығы автономды. Мұнда табиғи газ қолданылады. Мектептің пайдалануға берілуі Рауан елді мекенінің тұрғындары үшін қуанышты жаңалық болды. Себебі бұған дейін балалары өзге мектептерге автобуспен қатынап келді.


Өңір әкімі мектеп ішін аралап, кезекші 1-сыныптағы оқушыларға сәттілік тіледі. Білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаеваға барлық мектепте қауіпсіздік ережелерінің қатаң сақталуын қадағалауды тапсырды.

Ақтөбе облысында жаңа оқу жылы қарсаңында 3 мектеп пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 9 мектеп оқушыларды қабылдауға дайын болмақ. Өңірде қазір 15 мыңнан астам бала – дәстүрлі, 104 мыңнан астам бала – қашықтан, 38 мыңнан астамы кезекші сыныптарда білім алады. 1-сыныпқа қабылданған оқушылар саны – 18 000.