Ақтөбе облысындағы Елек өзенінің ластану мәселесін қалай шешуге болады

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысының экология саласындағы түйткілді мәселелердің бірі - Елек өзенінің алты валентті хроммен ластануы. Экологтар бұл мәселені шешу жолдарын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өзеннің ластануы 1957 жылы Ақтөбе хром қосындылары зауытының іске қосылуымен тікелей байланысты.

«Елек өзенінің бойында тұратын тұрғындардың денсаулығы мен тұрмысына ластаушы заттардың әсерін болдырмау үшін өзенді хром мен бордан тазарту шараларын жүргізу қажет. Бүгінгі күні мердігер «Геотерм» ЖШС дала жұмыстарын жүргізіп, ұңғымалардан және жер үсті көздерінен су сынамаларын алды. Динамика бағаланды, Елек өзеніндегі алты валентті хром деңгейіне болжам жасалды, экологиялық шаралар талданды, ластану көзін жою әдістері бойынша ұсыныстар дайындалды», - дейді аймақтағы Экология департаменті басшысының орынбасары Талап Уснадин.

Зерттеу нәтижелері Елек өзенінің жер асты суларының алты валентті хроммен ластану көзін жоюдың техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге негіз болған. Экология департаментінің сынақ зертханасы жұмыс кестесіне сәйкес Елек өзеніне ай сайын мониторинг жүргізеді. Мәртөк ауданы және Ақтөбе қаласы Көкпекті елді мекенінің іргелес аумағындағы Елек өзені суларында ай сайынғы жоспарлы жұмыстарды жүргізу кезінде алты валентті хром мен бор құрамының әртүрлі көрсеткіштері (шекті рұқсат етілген концентрациялардың төмендеуі немесе жоғарылауы) анықталады.

Экологтар кейіннен республикалық бюджеттен жобалық-сметалық құжаттама әзірлей отырып, техникалық-экономикалық негіздемеге түзетулер енгізуді ұсынып отыр. Қазіргі уақытта жер асты суларындағы хром мен бордың көздерін зерттеу қажет. Ластаушы заттардың өзен бойында тұратын халықтың денсаулығы мен тұрмысына әсерін болдырмау үшін өзенді хром мен бордан тазарту бойынша тиісті шараларды қолға алу керек. Бұл мәселе тұрақты бақылауда.

Сондай-ақ, Алға қаласындағы бұрынғы С.Киров атындағы химия зауытының аумағында орналасқан қауіпті қалдықтарды жою бойынша жобалық-сметалық құжаттамаға өзгерістер енгізіп, жобаны осы құжаттамаға сәйкес жүзеге асыру қажет.

Талап Уснадиннің айтуынша, облыс әкімдігінің тапсырысы бойынша өндірістік алаңды зерттеу жұмыстары жүргізілген. Зауыт аумағындағы қалдықтардың көлемі мен құрамы анықталды. Сот шешімімен анықталған қалдықтар иесіз деп танылып, республикалық меншікке қабылданды. Елек өзенінің бормен ластануын зерттеу шаралары, оны залалсыздандыру бойынша ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-эксперименттік жұмыстар жүргізілді.