Ақтөбе облысындағы су тасқынына байланысты комиссия құрылды

Фото:
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысы Қобда ауданында үйлер әлі де су ортасында тұр. Бүгін тұрғындармен облыс әкімі Ералы Тоғжанов кездесіп, комиссия құрылғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қобда ауданына су кеше кірді. Барлығы 15 үйді су басты. Сонымен бірге дене шынықтыру-сауықтыру кешені, дәмхана аумағын сақтап қалу мүмкін болмады. Аудан орталығындағы су деңгейі көтерілген кезде Самара-Шымкент тасжолының бір бөлігін жырып, жол қозғалысын шектеуге тура келді.

Бүгін төтенше жағдай болған жерге облыс әкімі Ералы Тоғжанов барды. «Самара-Шымкент» халықаралық маңызы бар жолдың 613-шақырымында су өткізгіш құбырларды орнату және инертті материалдармен толтыру жөніндегі жұмысты аяқтауды тапсырды. Тұрғындармен кездесу барысында облыс әкімі Ералы Тоғжанов зардап шеккен әр отбасыға қажетті көмек берілетінін атап өтті.

«Ауданда комиссия құрылып, үйлер тексерілетін болады. Біз барлығына қолдау көрсетеміз, қаражат бөлеміз, мүмкіндігінше тез қалпына келтіреміз. Бұл жағдайға мұқият талдау жүргізіліп, су тасқынының қайталануына жол бермеу шаралары қабылданады»,- деді Ералы Тоғжанов. Қобда ауданындағы жағдай облыс әкімінің жеке бақылауына алынды.

«Саман кірпіштен салынған үйге су кірді. Ал мал қорамыз суға кетті. Содан құлап, жермен-жексен болды. Бәрі кешкілік басталды. Су бір сағатта үйге кіріп келді. Балаларды жетектеп, құжатымызды қол ұстап шықтық. Киіп жүрген киімімізбен жүрміз. Жөндеуді былтыр ғана жасаған едік. Өте өкінішті. Судың қайтатын түрі жоқ», - деді аудан тұрғыны Балауса Дәнекешова.

Айта кетейік, бұл ауданда дәл осындай су нөпірі 1993 жылы келген. Ол кезде еңісте тұрған үйлерге су кірген.


Соңғы жаңалықтар