Ақтөбе облысының 25 әкіміне қызметтік көлік берілді

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысындағы ауыл әкімдері 25 автокөлік алды. Көліктің бәрі елімізде құрастырылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақтөбе облысы әкімдігінің алдына «Нива» маркалы көліктер тізілді. Бұл көліктердің бәрі ауыл әкімдеріне берілді. Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев бұл Мемлекет басшысының ауылды дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау үшін қабылданған көптеген шаралардың бірі екенін атап өтті.

«Облыстағы ауылдық округтер бір-бірінен қашық орналасқан. Сондықтан ауыл әкімдеріне арналған машиналарға қажеттілік болды. Олар тапсырылған аумақтағы тәртіпті қадағалап, болған оқиғаларға шұғыл әрекет етуі тиіс. Көліктер жаңарды. Енді сіздер халықпен тығыз байланыс орнатасыздар деп үміттенемін. Ең бастысы, сіздер мемлекеттік қызметшілер екендеріңізді ұмытпаңыздар, Отанымыздың игілігі үшін жұмыс жасаңыздар», - деді Бердібек Сапарбаев.

Айта кетейік, облыстағы 147 ауылдық округтің 146-ы қызметтік көлікпен қамтамасыз етілді. Тек Талдысай ауылдық округінің әкімдігінде қызметтік көлік болмады. Бүгін ауыл әкімі алғашқылардың бірі болып Қазақстанда құрастырылған «Нива» маркалы көліктің кілтін алды.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, өткен жылдың тамыз айында құқық қорғау органдарына 180 автокөлік берілді. Өңірде полиция инспекторлары 100 пайыз қызметтік автокөлікпен қамтамасыз етілді.

«Біз ауыл дәрігерлерін машиналармен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Бүгінгі күні автокөлігі жоқ шағын елдімекендерде шамамен 30 медициналық мекеме бар. Жылдың соңына дейін біз оларды толығымен қамтамасыз етеміз», - деді Бердібек Сапарбаев.