Ақтөбе облысының әкімі қоғамдық көмекшілеріне куәлік тапсырды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат -Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин қоғамдық көмекшілеріне куәлік тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгін облыс әкімі Оңдасын Оразалин 15 ақтөбелікке қоғамдық көмекші куәлігін тапсырды. Әр ауданнан бір өкіл бар, ал Ақтөбе қаласында үш көмекші.

«Халық арасындағы қандай да бір өзекті мәселелерді өздеріңізбен ақылдасып шешеміз деп үміттемін. Өңірдің әлеуметтік жайын дамытуда тізе қоса жұмыс жасаймыз деп сенемін. Өздеріңізбен ақылдасып, пікір алмасуға қашанда дайынмын», - деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.



Қоғамдық көмекшілер еліміздегі игі істерді, саясатты халыққа түсіндіріп, әкімдердің тұрғындармен байланысын нығайту сынды жұмыстармен айналысады. Облыс әкімінің қоғамдық көмекшісі болып бекітілген өкілдер бұрын жергілікті әкімдіктерде қызмет еткен өңірге танымал азаматтар.