Ақтөбеде 20-дан астам түрлі балмұздақ өндіріледі
Ақтөбеде жергілікті балмұздақ өндіретін ірі кәсіпорын жұмыс істейді. 1999 жылы шағын цехтан басталған өндіріс бүгінде Батыс Қазақстандағы ең ірі толық циклді сүт кластеріне айналды.
Зауытта күн сайын орта есеппен 80 тоннаға жуық таза сүт қайта өңделеді. Өндіріс ашытылған сүт өнімдерін, балмұздақ пен стерильденген сүтті қамтиды. Балмұздақтың 20-дан астам түрін шығарады. Өнімдері Қазақстанның барлық өңіріне жөнелтіледі.
Кәсіпорында Германия мен Италияның заманауи жабдықтары орнатылған. Мұнда 600-ден астам ақтөбелік еңбек етеді.
- Мұнда жұмыс істеп жатқаныма бір жыл болды. Жұмысым өзіме ұнайды, қиын емес. Негізгі міндетім – балмұздақты қораптарға салу. Қазір қаптап жатқан балмұздақтың бір қорабында 30 дана бар. Өзім балмұздақты жақсы көремін. Бұл жұмысқа келгендегі мақсатымның бірі балмұздақтың қалай дайындалатынын көру еді. Қазір бір ауысымда бірнеше түрінен дәм татамыз. Отандық өнім болғандықтан, дәмі де ерекше деп ойлаймын. Үйде сегіз балам бар. Балаларым да осы балмұздаққа үйренген. Кейде жұмыстан қораптап алып, апарып беремін, - деді сұрыптаушы Гүлсезім Досова.
Мәртөк тұрғындары тазалық пен салауатты өмір салтын серік еткен
Бұл балмұздақ – Мәртөк ауданының өнімі. Ал ауданың аумағы кең, табиғаты көркем өңір тұрғындары да қонақжай.
Күн жылысымен Мәртөктің көшелерінде велосипед мінген тұрғындар көбейеді. Жергілікті жұрт үшін велосипед – бір жағынан шығынды азайтатын көлік, екінші жағынан денсаулыққа пайдалы қозғалыс құралы. Сондықтан мұнда велосипед тебу сәннен бұрын қалыпты өмір салтына айналған.
- Мұнда тұрып жатқаныма тоғыз жарым жыл болды. Жұмысқа осы велосипедпен қатынаймын. Бізде велосипедпен жүретіндер көп. Бұл әрі көлік, әрі денсаулыққа пайдалы жаттығу деп ойлаймын. Әсіресе біздің жаста қимыл-қозғалыс маңызды. Аудан маған ұнайды. Мұнда балабақша, мектеп, саябақ көп. Балаларға арналған ойын алаңдары мен субұрқақтар да бар. Немерелерімді ертіп саябаққа жиі барамын, - деді Мәртөк ауылының тұрғыны Гүлшара Дарқұлова.
Аудан абаттандырылған, айналасы жасыл желекке оранған. Көшелерде қоқыс та жоқ. Мұндай тазалықты сақтауға ауданның үлкені де, жасы да атсалысады. Тұрғындар туған жердің көркін көркейтуге ортақ жауапкершілікпен қарайды.
- Ауданның тазалығы да жақсы. Саябақтар ұқыпты, айнала таза. Жастар да спортқа жақын. Мына жерде стадион бар, жастар сонда жиналып, жаттығу жасап, спортпен шұғылданады, - деді Мәртөк ауылының тұрғыны Ералы Мақсат.
Облыста жол жөндеу жұмыстары қарқынды
Ақтөбе туралы сөз болғанда, жол сапасына қатысты сын-пікір де аз айтылмайды. Қазір өңірде қай бағытқа бет алсаңыз да, жол жөндеу жұмыстары көзге түседі.
Мұнда «Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын» тасжолының 760–790 шақырым аралығында қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр.
- 1983 жылдан бері осы жол саласында жұмыс істеп келемін. Қазір біз көпірдің басында тұрмыз. Ескі көпір толық бұзылып, орнына бірінші санаттағы жол талаптарына сай жаңа көпір салынады. Қазір жол саласына ерекше көңіл бөлініп жатыр. Бұрын екі жолақты болған бағыттар төрт жолақты, бірінші санаттағы жолдарға кезең-кезеңімен ауыстырылуда. Мұның бәрі жолдағы қауіпсіздікті арттырып, көлік қозғалысын жеделдетуге мүмкіндік береді. Жүргізіліп жатқан жұмыстарға халық та қуанышты, - деді жол жөндеу учаскесінің жетекшісі Сейдахмет Қошабаев.
Ақтөбеде асыл тұқымды жылқы саны 7 мыңға жуықтады
Ақтөбенің тағы бір мақтанышы – Мұғалжар жылқысы. Етті-сүтті бағыттағы бұл тұқым қазақ даласының табиғи жағдайына бейімделген.
Мұғалжар жылқысы жыл бойы жайылымдық-тебіндік жағдайда ұстауға қолайлы. Қыста қар астынан шөп тауып жейді, қатты аяз бен аптап ыстыққа да төзімді.
Дене бітімі ірі әрі мығым. Ересек жылқының тірі салмағы 530 келіге дейін жетеді.
- Мұғалжар тауының етегінде қалыптасқан бұл тұқымға өңірдің атауы берілген. Оның басты ерекшелігі – еттілігі, денесінің ірілігі және қазысының мол шығуы. Қазір Мұғалжар жылқысына бүкіл Қазақстан бойынша сұраныс жоғары. Биелерінің құлын беру көрсеткіші де жақсы. Жылқының түсіне де ерекше мән беріледі. Құла қара, құла қызыл, торы, күрең түстері кездеседі. Аяқтары мен арқасындағы жолақтар – жабайы жылқыға тән табиғи белгілерінің бірі. Қазір шаруашылықта 1000-ға жуық жылқы бар. Ал Ақтөбе облысы бойынша Мұғалжар жылқысының саны шамамен 7000 бас, - деді Республикалық асылтұқымды жылқылар палатасының директоры Қалыбек Ырзабаев.
Ақтөбеде қоғамдық көлікке жаңа технологиялар енгізіліп жатыр
Ақтөбе тұрғындарының басым бөлігі қала ішінде қоғамдық көлікпен қатынайды. Қазір шаһарда электр қуатымен жүретін автобустар да қызмет көрсетеді. Олар 360 градусқа шолу жасайтын камералармен жабдықталған. Бұл жүйе жүргізушіге айналасын толық бақылауға мүмкіндік береді.
Электр автобустары Ақтөбеге наурыз айында жеткізілген. Арнайы қуаттау құрылғысы арқылы көлікті толық зарядтауға шамамен 1,5 сағат қажет. Ал автобус бір рет толық қуатталғаннан кейін 300–350 шақырымға дейін жүре алады.
- Электр автобустары 8 наурыздан бастап қала бағыттарына шықты. Жолаушылар үшін өте ыңғайлы. Ең бастысы – дыбыссыз жүреді, жаңа әрі қоршаған ортаны ластамайды. Электр автобустарына арналған қуаттау станциялары автопарк аумағына орнатылған. Жүргізушілер кешкісін жұмыстан кейін автобустарды осында әкеліп, қуаттауға қосады. Қосылғаннан кейін жүйе автобусты автоматты түрде зарядтайды. Жалпы, қазір автопаркте 163 автобус бар. Оның 121-і күн сайын қала ішінде жолаушыларға қызмет көрсетеді, 3 автобус резервте тұр. Ал 39 автобус қалааралық бағыттарға шығады, - деді «QalaTrans» компаниясының басшысы Ұлан Өксікбаев.
Таңнан кешке дейін жолаушы тасымалдайтын жүргізушілердің денсаулығы да басты назарда. Бір мезетте 150 жүргізуші жолға шығатын жағдайда, олардың барлығын кезекпен тексеру оңай емес. Ақтөбеде бұл мәселе цифрлық жүйе арқылы шешілген.
Қоғамдық көлік жүргізушілері жолға шығар алдында автоматтандырылған медициналық тексеруден өтеді. Жүйе жүрек соғысын, қан қысымын, дене қызуын және жүргізушінің алкоголь қолданған-қолданбағанын анықтайды.
Барлық көрсеткіш қалыпты болса, жүргізушіге арнайы рұқсат беріледі. Осыдан кейін ғана ол жолаушы тасымалына жолға шығады.
Бұған дейін «Елмен бірге» жобасы Ақтөбе қаласының жаңа келбетін көрсеткен еді.