Ақтөбеде ірі экономикалық форумдар мен кездесулер жиі өтетін болды. Мәселен, өткен жылы 17 елші іссапармен келіп, түрлі кездесулер өткізді. Ақтөбенің экономикалық мүмкіндіктерімен танысып, инвестициялық жобаларды қарап, өңірдің ұсынысын білді. Жиындарда мәдени, спорттық бағытта да байланыс орнату маңыздылығы айтылды. Нәтижесінде Венгрия мен Литваның Құрметті консулдары тағайындалды.
«Өңірге келген халықаралық, әлемдік қаржы ұйымдарымен, банктерімен арада байланыс бар. Әрқайсысына жоба ұсынылды, жұмыс жүріп жатыр. Бүгін келді, ертең нәтиже күтуге болмайды. Бұл екі ел арасындағы байланыс болған соң бәрі орталық деңгейінде шешіліп, жұмыс атқарылады»,- деді Ақтөбе облыстық сыртқы байланыстар және туризм басқармасының басшысы Ермек Кенжеханұлы.
Айта кетейік, инвесторлар мен кәсіпкерлерді Ақтөбедегі арзан газ, электр қуаты мен қоры мол кен орындары қызықтырады. Сонымен қатар, өңірдің Еуропа мен Қытайға апарар транзиттік жол болуы, еліміздің батысындағы барлық облыстың теміржол бағыттары Ақтөбе арқылы өтуі де мол мүмкіндік береді. Алдағы жоспар бойынша Өзбекстан, Татарстан елдерімен арадағы байланыс нығаяды.
«Алдағы уақытта Өзбекстан, Татарстан елдерімен бірқатар келісімге қол қойылады деген жоспар бар. Іскерлік байланыс орнату үшін біз екі елге де өз ұсынысымызды жібердік. Мемлекеттік органдар, кәсіпкерлер қарап, танысып жатыр. Олар да өздерінің ұсыныстарын жолдайды. Қазір Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынас жақсы. Екі елдің президенттері де жыл басынан бері бірнеше кездесу өткізіп, қарым-қатынасты нығайту жолдарын жан-жақты талқылады. Сонымен қатар, Өзбекстан мен Қазақстан арасында қосымша өткізу бекеттері ашылып жатыр. Біз Өзбекстанмен арада байланыс орнатып, ауыл шаруашылығы саласы бойынша көптеген жоспарды іске асырсақ дейміз. Кәсіпорындардың да өз жоспары бар»,- деді Ермек Кенжеханұлы.
Айта кетейік, ақтөбелік кәсіпкерлер мен мемлекеттік орган өкілдері Өзбекстанға барып, олардың экономикалық, ауыл шаруашылығы саласымен танысып келген.