Ақтөбе прокуратурасы 400-ден астам жұмысшының еңбекақысын алып берді

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облыстық прокуратурасы 409 жұмысшының 168 миллион теңге еңбекақысын алып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде бірнеше компания мен жеке кәсіпкер жұмысшыларының жалақасын уақытында бермей келген. Мәселен, «Башкирское шахтопроходческое управление - Казахстан» ЖШС прокуратура тексеруінен кейін 350 жұмысшының жалақысын, жиыны 160 миллион теңге төледі.

«Кенжебеков» жеке кәсіпкері 7 жұмысшысына 3,8 миллион теңге, «АСКА Экспо Центр» ЖШС 52 жұмысшыға 5 миллион теңге қарызын өтеді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады», - деп хабарлады облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.
Айта кетейік, уақытылы еңбекақы төлемеген жұмыс берушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 770 мың теңге айыппұл салынды.