Ақтөбеде суға түсу маусымы кезінде 12 адам көз жұмды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Биыл суға түсу маусымы кезінде 12 адам суға батып кетті. Ал төтенше жағдайлар қызметі мен полиция су жағасында ішімдік ішкен адамдарға 8 млн теңге айыппұл салды.

Фото: ТЖМ

Ақтөбеде суға түсу маусымы аяқталды. Суға түсу маусымы 1 маусым мен 1 қыркүйек аралығында өтті. 

- Суға түсу маусымы кезінде облыста 60 жағадай жұмыс істеді. Оның 35-і коммуналдық, өзгесі жеке жағажай болды. Жағажайларда 88 құтқарушы жұмыс істеп, бәрі арнайы курстан өтті. Ал жағажайды жабдықтауға 7 млн теңге жұмсалды. Оған құтқару құралдары сатып алынды. Былтыр біз қайғылы жағдай қай уақытта болады деген сұраққа жауап іздеп, талдау жүргіздік. Көбіне түстен кейін тіркеледі екен. Сондықтан мектеп жанындағы лагерьлердің жұмысы дәл сол уақытқа ауыстырылды. Демек балалар осы уақытта ересектердің, тәрбиешілердің бақылауында болды,- деді Ақтөбе облыстық ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Иса Байтұрсынов. 

Биыл қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін өзен жағалауларына 33 бейнебақылау камерасы қондыру туралы шешім қабылданды. Бүгінде 9 камера жұмыс істеп тұр. Өңірде барлығы 206 орынға суға түсуге тыйым салынған. Ол жерлерге 300-ден астам белгі қондырылды. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 364 бабы бойынша биыл 800-ден астам адамға ескерту беріліп, 124 адамға айыппұл салынды. Ал су айдындарында ішімдік ішкендер 8 млн теңге айыппұл төледі. 

- Суға түсу маусымы кезінде 5 адам құтқарылды. Оның біреуі бала. Үш адамды құтқарушылар, екеуін тұрғындар судан алып шықты. Көбі өзіне сеніп, алысқа жүзіп кеткен. Кейбірі тіпті жүзу білмеді. Биыл суға түсу маусымы кезінде облыста 12 адам суға кетті. Оның 6-ы бала. Былтыр 11 адам суға батып кетті. Талдау жүргізу кезінде 12 адамның жетеуі суға түсуге тыйым салынған жерге шомылғаны анықталды. Ересектердің қарауынсыз қалған балалар да көз жұмды. Әйтеке би ауданындағы жағдай өте қиын. Мұнда бір сәтте 4 адам көз жұмды. Оның үшеуі Атырау облысының тумасы,- деді Иса Байтұрсынов.

Еске салсақ, Әйтеке би ауданында 2011, 2013, 2017 жылдары туған балалар мен 1985 жылғы ер адам көз жұмды