Ақтөбе тұрақтандыру қорына көкөніс сатып алып жатыр

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе тұрақтандыру қорына 2,3 мың тонна көкөніс сатып алады. Қазіргі уақытта келісім жүріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, баға тұрақтылығын бақылау мақсатында жиын өткізді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына орай өңірде бағаны бағылау, азық-түлік құнының өсуіне жол бермеу қажет. Қазіргі кезде Ауыл шаруашылығы және Ұлттық экономика министрліктері мен Ақтөбе облысының әкімдігі арасында меморандум бар.

Кәсіпкерлік басқармасының басшысы Анар Даржанованың айтуынша, тұрақтандыру қорына 2,3 мың тонна көкөніс сатып алуға келісімшарт жасалған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 900 тоннаға көп. Көкөніс сатып алу, қорға жинау кезінде жергілікті шаруалардың өнімдеріне басымдық беріледі. 

«Бағаны тұрақтандырудың жақсы құралы - өңіраралық кооперация.  Бастысы делдалдардың жолын кесіп, өңірлермен тікелей жұмыс істеу қажет», - деді өңір басшысы Бердібек Сапарбаев.