Ақтөбе тұрғыны түрмеде отырған баласына телефон алып кірмек болды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Анасы түрмеде отырған 32 жастағы ұлына ұялы телефон, қуаттағыш пен сим-карта бермек болып, ұсталып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе тұрғыны іш киіміне телефон жасырып, оны тергеу изоляторында отырған ұлына жеткізбек болды. Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаменті тергеу изоляторының қызметкерлері азаматшаның заңсыздықты дер кезінде байқап, тексеру кезінде металл іздегіш арқылы ұялы телефон, зарядтау құрылғысы мен сим-картаны тіркеді.

«Мекеме әкімшілігі келушілерге тыйым салынған заттарды алып кіргені үшін жауапқа тартылатыны туралы бірнеше рет айтты. Бірақ сотталғандар мен тергеудегі азаматтардың туыстары мекеменің заңды талаптарын бұзуды жалғастырып жатыр», - деп атап өтті КА-168/1 мекемесі бастығының міндетін атқарушы Аршат Бурабаев.

Айтып өтейік, күдікті қазір аса ірі мөлшерде есірткі қолданғаны үшін тергеліп жатыр. Оның анасы жазбаша түсініктемесінде бар кінәсін мойындады. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 481-бабы бойынша хаттама толтырылып, материал қалалық мамандандырылған әкімшілік сотына жолданды. Сондай-ақ, анасы бір жыл бойы ұлымен кездесе алмайды.