Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы, Тоғыз станциясының 51 жастағы тұрғыны Нұрғазы Боранқұл тісін емдетуге облыс орталығына келіп, кісі қолынан қаза болды.
Іс материалына сүйенсек, оқиға өткен жылы желтоқсанның 26-сынан 27-сіне қараған түні болған. Құдасының үйіне қонақ болып барған 51 жастағы Нұрғазы Боранқұл сол күні үш деңгейлі үйдің бірінші қабатында теледидар қарап, тынығуды жөн көреді. Ал өзгесі жоғары қабатта болады. Бірнеше отбасы бір шаңырақ астында тұрғанымен, сол күні бірінші қабатта ешкім болмаған. Сотталушы Жанболат Атауов сол күні төменгі қабаттың терезесінен кіріп, асханадан пышақ алып, ұйықтап жатқан Нұрғазы Боранқұлдың кеуде тұсына 16 рет пышақ сұққан.
Үйді тонауға келген Жанболат Атауовты үй иесінің балалары ұстап алып, полиция шақырды.
«Болған іске өкінемін. Қатемді түсіндім. Ішімдіктің кесірі болып отыр. Кешірім сұраймын»,- деді сотталушы Жанболат Атауов.
Бірақ жәбірленуші тарап оның барынша қатаң жазаға кесілуі тиістігін айтуда.
«Күйеуім еңбек демалысына шығып, тісін емдету үшін Ақтөбе қаласындағы құдасының үйіне барған. Біздің 8 баламыз бар. Үлкені тұрмыста, өзге балалар студент, оқушы. Біз бір үйде 10 жанбыз. Күйеуімнің науқас ағасы да қолымызда. Қазір асыраушымыздан айырылып қалдық. Ондай адамға қандай жаза қолданарын білмеймін. Өмір бойы бас бостандығынан айыруды сұраймыз»,- деді қаза болған жұбайы Бақытгүл Әйтен.
Айта кетейік, мемлекеттік айыптаушы Жанболат Атауовқа 22 жыл сұрады. Айыпталушы бұған дейін де ұрлық үшін екі рет істі болған. Оның бірі бойынша жазасын өтеп шыққан, екіншісінде іс бітімгершілікпен аяқталған.