Жиынға өңірдегі барлық бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары, басылымдар редакторлары мен журналистер, жергілікті электрондық ақпарат көздеріндегі блогерлер қатысты.
Өңір басшысы өз сөзінде Мемлекет басшысының осы облыстағы әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз ету бойынша тапсырмаларының орындалуы және биылғы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы ауқымын қамтыды. Атап айтқанда, өткен 6 ай нәтижесінде облыс экономикасының өсімі 4 пайыз шамасын құраған екен. «Бұл республикамыздағы жедел дамушы аймақтар қатарына енуге мүмкіндік берді», - деп атап көрсетті облыс әкімі.
Қиыншылықтарға қарамастан, есепті кезең аралығында өнеркәсіп өнімінің көлемі 4,9 пайызға ұлғайған. Мұндай өсімге хром рудасын, концентраттарды, рельс өнімін және ферроқорытпаларды молайту есебінен қол жеткізіліп отыр. Әкімнің айтуынша, барлық негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер өткен жылдағыдан жоғары және республикалық деңгейдегімен салыстырғанда төмен де емес екен.
Облыстағы өнеркәсіп кәсіпорындары есепті кезеңде 700 миллиард теңгенің өнімін өндірген. Өңдеу өнеркәсібіндегі ілгерілеу деңгейі 111,4% шамасын құрап, аталған көрсеткіш бойынша облыс еліміздегі өңірлер арасында екінші орынды иеленген.
Негізгі капиталға құятын инвестицияда да жетістіктер бар. Нақты айтатын болсақ, өңір экономикасына 160 миллиард теңгеден астам қаржы тартылды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 32%-ға артық. Жалпы құны 33 миллиард теңге болатын 17 инвестициялық жобаны жүзеге асыру аумағында ағымдағы жылы 1700 жаңа жұмыс орны ашылады. Өңірде жалпы алғанда 8,2 мың жаңа жұмыс орны құрылған, жыл соңына дейін шамамен тағы осыншама жұмыс орнын ашу жоспарланған.
Өңір үшін аса маңызды ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 103,7%-ға өскен. «Кооперация туралы» заң ойдағыдай жүзеге асырылуда. Осы кезеңде барлығы 171 кооператив құрылған, осы жылдың соңына дейін тағы да 26 ұжым құрылады деп күтілуде.
Облыс үшін аса жауапты сала - ауыл шаруашылығында 50 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Егіс алқаптарын 78 мың гектарға ұлғайту оң нәтижесін беріп отыр. Дәстүрлі емес салалар бойынша 88 жоба қолға алынған, суармалы алқаптар 21 мың гектарға дейін ұлғайған.
- Бұл бағыттағы жұмыстар өз жалғасын таба беретін болады, осылайша Мемлекет басшысы алға қойған өсірілген өнімді өңдеу жұмыстарына қатысты міндетті орындауды қамтамасыз етеміз. Бұл бізге біріншіден, қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді, екіншіден, ет және сүт комбинаттарының жұмысын көбейтеді, - дейді Б. Сапарбаев.
Құрылыс саласында жарты жыл қорытындысы бойынша 50 миллиард теңге шамасындағы қаржының құрылыс жұмыстары атқарылған. Тек биылдың өзінде ғана 242 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген, ал жыл соңына дейін кем дегенде 650 мың шаршы метр тұрғын үй салынбақ. Жеке тұрғын үй құрылысын дамыту аясында биыл 15 мың жер телімін беру жоспарланған.
Тағы бір маңызды бір мәселе, Ақтөбе - Қазақстандағы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында «таунхаус» типіндегі үш қабатты несиелік және тез тұрғызылатын жеке тұрғын үйлердің құрылысын жүргізіп жатқан санаулы қалалардың бірі. Бірінші кезеңде 2952 пәтерлік тұрғын үй салынбақшы, соның ішінде 2017 жылдың үлесінде 914 пәтер пайдалануға берілмек.
2017 жылы облыста салынып жатқан 23 мектептің 14-і пайдалануға беріліп, 5450 орындық мектепке дейінгі балалар мекемесі ашылады деп белгіленген.