Ақтөбе жылыту маусымына дайын ба

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбе қаласының жылу беру маусымына дайындығы 75% жетті. Қыркүйек айының алғашқы онкүндігінде толық аяқталып, сынақ жүргізіледі.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Ақтөбе қаласында 2 100 көп пәтерлі тұрғын үй бар. Оның ішінде 544-і жеке автономды жылыту жүйесімен және қазандықпен қамтылған. Сонымен бірге тағы 28 қазандық «Aqtobe Su-Energy Group» АҚ теңгерімінде, ал 103 қазандық басқарушы органдардың меншігінде. Бүгінгі таңда 11 қазандыққа күрделі жөндеу, 92 қазандыққа ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, ПИК, МИБ тарапынан тұрғындар жинаған мақсатты жарнаға 18 үйде ағымдағы, 12 үйде күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. 2023-2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы аясында да қаржы бөлініп, 18 үйдің жылыту жүйесінде құбырлар ауыстырылды.

— Қалада 46 пәтер иелері кооперативі, 43 тұтыну кооперативі, 322 меншік иелерінің бірлестігі жұмыс істеп тұр. Біз олардың бәріне «Aqtobe Su Energy Group» АҚ мамандарымен бірге барып, алдағы жылыту маусымына дайындау туралы хабарлама тараттық. КСК төрағаларымен бірге тұрғындармен кездесіп, үйдің жертөлесіндегі құбырларды жөндеу немесе ауыстыру үшін қаржы жинау қажет екенін түсіндіріп жатырмыз, — деді Ақтөбе тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ақнұр Қазбаева.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

 

Ал «Aqtobe Su-Energy Group» АҚ-ның бас директоры Нағымжан Алдияровтың айтуынша, қалада жылу, сумен жабдықтау және кәріз суын бұру құбырларын жаңғыртуға 2,5 млрд теңге жұмсалады. Қазір қайта жаңғырту жұмыстары 75% аяқталды. Оның ішінде 3,73 шақырымдық жылумен жабдықтау желісін жаңғыртуға 1 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалды. Сумен жабдықтау жүйесіне 778 млн теңгеден астам қаржы қарастырылды. Оған 7 шақырымнан астам желі жаңарып жатыр. Ал кәріз жүйесіне 580 млн теңгеге жуық қаржы қарастырылып, жаңғырту 4,47 шақырымды қамтыды.

— Жылу құбырларын ауыстыру жұмысы жалғасып жатыр. Алдағы он күнде жұмыс аяқталып, қыркүйекте гидравликалық сынақ басталады, — деді Нағымжан Алдияров.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ақтөбеде әлі де пеш жағатын жеті білім беру нысаны бар. Бүгінде мектеп пен балабақшаға қажетті отынның 90% жуығы тасымалданды.