Ақтөбе жылыжайында өндірілген қызанақ Ресейге экспортталып жатыр

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде «Greenhouse Kazakhstan» жылыжай кешенінің аумағы кеңейтіліп жатыр. Бұл өңір сұранысын толық қамтамасыз ететін жоба. Қазіргі кезде Ақтөбе жылыжайында өндірілген қызанақ Ресейге экспортталып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласындағы «Greenhouse Kazakhstan» жылыжай кешені сәуір айында іске қосылып, 2,5 мың тонна қызанақ сатуға шығарылды. Күніне 20 тонна қызанақ жиналатын кешен өз-өзін жылумен, электр қуатымен қамтамасыз етіп отырған бірінші жоба. Жоғары технологиялы кешенге арнайы пресс-тур өткізілді.


«Қазақстанда бірінші рет жылыжай кешенінде газ пайдаланылып, электр қуаты өндіріліп жатыр. Қуаттылығы - 6 мВт. Бұл - шағын қаланы жарықпен қамтамасыз ететін электр қуаты. Электр тоғымен жылыжай ішін жарықтандырып отырмыз. Австрия технологиясы бойынша іске асырылған жоба 5-6 жылда өз-өзін ақтайды»,- деді жылыжай кешенінің атқарушы директоры Мақсат Бектаев.

Ақтөбе облысының әкімдігі, «ҚазАгро» АҚ, «ҚазАгроҚаржы» АҚ, Ауыл шаруашылығы министрлігімен арадағы меморандум аясында «Greenhouse Kazakhstan» ЖШС аумағы 100 гектар болатын жылыжай салуы тиіс. Қазіргі уақытта жылыжай аумағы - 9,5 гектар. Алдағы уақытта 20 гектарға жеткізіледі.

«Ультраклимат технологиясы бойынша жабдықталған жылыжай еліміз бойынша жалғыз. Дүниежүзінде мұндай жылыжайдың аумағы 200 га болса, оның 2,5 гектары Ақтөбеде орналасқан. Бұл технология көкөністің жақсы өсуіне септігін тигізеді. Бұрынғы жылыжайлар жазда қатты ыстық болатын, ал жаңа технологиямен салынған кешенде жыл бойы 24 градус жылылық сақталады»,- деді Мақсат Бектаев.

Өнімнің тең жартысы Ресейге экспортталып жатыр. Жобаның құны - 5,2 миллиард теңге.



«Сәуір ауында іске қосылып, төрт айда 2,5 мың тонна өнім өндірілді. Жылына 6,5 мың тонна қызанақ пен қияр аламыз. Голландиялық технология бойынша салынған жылыжайдың құрылысына қажетті қаржының 30 пайызы кәсіпкердің, өзге «ҚазАгроҚаржы» АҚ-на тиесілі. Алдағы уақытта мұндай жобалардың барлығын «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ қаржыландыратын болады»,- деді «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның Ақтөбе облыстық филиал директоры Айдар Брашев.

Жылыжайдың голландиялық технологиясы «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы лизингке алынды. «Бизнестің жол картасы - 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында газ, электр тоғы мен су жеткізілді. 120-дан астам жұмыс орны ашылды.

«Ақтөбе облысы бойынша барлығы 26,5 гектар жылыжай бар. Қазіргі күні облыс халқы 85 пайызға үзіліссіз қызанақпен қамтамасыз етіліп отыр. Бірер жылда облыс сұранысы толық қамтамасыз етіледі. Өңірде тек қияр мен қызанақ егіледі. Жылыжайда бір жыл қызанақ өсірсе, келер жылы қияр егеді. Ауыспалы егіс пайдалы»,- деді Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Асылхан Әбдиев.