Ақтөбеде 10 жасар ұлды зорлап, 7 жасар ұлды өлтірген қылмыскер ұсталды

АҚТӨБЕ. 18 тамыз. ҚазАқпарат /Самал Ендібаева/ - Зауыттық полиция бөлімінің қызметкерлері екі аса ауыр қылмыс жасаған, яғни 10 жасар баланы зорлап, 7 жасар ұл баланы өлтірген қанды қол қылмыскерді ұстады.

Бүгін облыстық ІІД өткен апталық брифинг барысында хабарланғандай, ер адам кәмелетке толмаған баланы зорлаған, кейіннен оның үстінен арыз түскен. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 121 бабы 4 тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Сондай-ақ жедел-тергеу шараларының барысында қылмыскер 2011 жылдың қаңтар айында 7 жастағы ұл баланы өлтіргенін мойындаған.

Оның айтуынша, сол күні ол Чернышевский көшесі маңындағы темір қабылдайдын пунктее барып, металл өткізген. Ал үйіне келе жатқанда баланы көріп, оған кәмпит бергісі келген. Алайда ұл бала сыйлықтан бас тартқан соң ашуы қозып, баланы мойын орауышымен қылқындырып өлтіріп, оны адам жоқ жерге лақтырып тастап, қылмыс орнынан ізін жасырған.