Ақтөбе облысы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз. Өңірде бір тәулікте тағы 382 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Қазіргі кезде 1300-ден астам адам инфекциялық стационарларда жатыр. Олардың 107-і жансақтау бөлімінде.
«Вирус жұқтырған науқастардың 12-і өкпені жасанды желдету аппаратына, ал 87-і инвазивті емес аппаратқа қосылған. Балаларға қатысты айтар болсақ, 368-і бақылауға алынып, 23-і стационарға жатқызылды. Қазіргі кезде екеуінің жағдайы тұрақты ауыр. Бірі туа бітті сал ауруына шалдыққан болса, бірінің бұрынан тыныс алу жолдары ауырады. Бір ескере кетерлік жайт, балалар арасында өлім тіркелмеді. Ал жүкті әйелдерге қатысты деректерге тоқталсақ, барлығы 108-і стационарда жатыр. Бәрі дәрігерлер қарауында. Өкінішке қарай екі келіншек көз жұмды. Олардың бүйрегі, қалқанша безі ауырған, қан қысымы да жоғары болған. 25-30 күн ем қабылдағанымен, нәтиже болмады»,- деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев.
Айта кетейік, Ақтөбе қаласымен қатар Хромтау, Қобда, Мұғалжар және Байғанин аудандарында жұқтыру көрсеткіші жоғары. Қазір облыс бойынша барлығы 9,5 мың адам үй карантинінде.