Ақтөбе қаласының еріктілері 2019 жылдың наурыз айына жоспарланған ота үшін қаржы жинауға көмектескен болатын. Туабітті сал ауруына шалдыққан Мария Максаковаға ота жасау үшін Санкт-Петербургке жол жүру жоспарланған болатын. Алайда Каспи банк есепшотынан 790 мың теңге жоғалып кеткен.
«Әлеуметтік желі арқылы Мария Максакованың еміне ақша жиналды. Бірақ Каспи банкте тұрған қаржы пин-кодсыз басқа адамға аударылып кетті. Бұған дейін де көмек үшін өзге адамдарға ақша жиналды, ата-аналар білместікпен бөгде адамға пин-код беріп қойған еді. Мұнда ешкімге ешқандай ақпарат берілмеген. Кімнің алғанын білмейміз. Каспи банктен жағдайды түсіндіруді сұрап отырмыз. Бірақ ресми хат жазбадық», - дейді волонтер Екатерина Голотина.
Қазір осы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.
«Полиция бейтаныс адамға карта нөмірін айтуға болмайтынын ескертеді. Барлық ақпарат тұтынушының қауіпсіздігі үшін құпия сақталуы керек. 7 наурыз күні белгісіз біреулер көмек көрсетемін деп алдап, карта нөмірін және құпия CVV-кодын біліп алған. Карта Каспи банкке тиесілі. Есепшоттан 790 мың теңге алынған. Бұл қаржы баланың еміне жиналған екен. Қазіргі уақытта «Алаяқтық» бабымен тергеу жүріп жатыр», - деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, Мария Максакованың анасы қандай да бір ақпарат беруден бас тартты.