Ақтөбеде 15 мыңға жуық отбасы жәрдемақы алды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде атаулы әлеуметтік көмек алу жолдары түсіндіріліп жатыр. Облыс бойынша тек 108 өтініш мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласы бойынша атаулы әлеуметтік көмек алу жолдарын түсіндіретін 4 орын бекітілді. Олар: Халықтық кеңсе, қалалық жұмыспен қамту орталығы мен Алматы және Астана ауданының әкімдігі.

«Атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің өзгертілген механизмі атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаудың ашықтығын қамтамасыз етеді. Көмекті шын мұқтаж жандар алатын болады. Оларға жұмысқа орналастырылады немесе өз ісін ашуға қолдау көрсетіледі»,- деді облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов.

Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінованың айтуынша, ұсынылған жұмыстан бас тартқан жағдайда алты ай атаулы әлеуметтік көмек ала алмайды. Биыл 1 500 ақтөбелікті жұмыспен қамту жоспарланып отыр.

«14789 отбасы қаңтар айында мемлекеттік жәрдемақыларын алды. Соның ішінде төрт баласы бар 11324, бес баласы бар 2708 , алты баласы бар 597, жеті және одан да көп баласы бар 160 отбасы. 6330 отбасыға арналған атаулы әлеуметтік көмекке биыл 3,5 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған. Жұмыспен қамту орталығында құжаттар қабылданып жатыр. Өңірде 161 учаскелік комиссия жұмыс істейді»,- деді басқарма басшысы Б.Елеусінова.


Айта кетейік, 1-6 жас аралығындағы балаларға кепілдендірілген әлеуметтік пакет қарастырылған.

«Әлеуметтік көмектің төрт түрі бар. Олар: мектеп формасы, ыстық тамақ, оқу құралдары мен тасымалдау. Қазіргі кезде балаларға 2,4 миллиард теңге бөлініп отыр. Мектептерде бала саны анықталды. Есеп бойынша облыста 20 559 оқушы көмек алады», - деді облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева.