Ақтөбе облысы бойынша бір тәулікте 20 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Оның көбі дерттің симптомды түріне шалдыққан. Қазіргі кезде барлығы 154 адам ем қабылдап жатыр. Оның 21-і жансақтау бөлімінде.
«Коронавирус инфекциясына шалдыққан науқастардың төртеуі өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Балалар туралы айтар болсам, 36-ы дәрігерлер бақылауында. Сонымен бірге 14 жүкті әйел де вирус жұқтырған. Қазіргі кезде жағдай тұрақты. Инфекциялық төсек-орын жүктемесі 42,2%, ал жансақтау бөліміндегі жүктеме 38,2 % құрап отыр», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров.
Ақтөбеде әлі де 8 мыңнан астам адам үй карантинінде.
«1 қыркүйектен бастап бүгінге дейін мектепке дейінгі мекемелерде тәрбиеленетін 53 баладан вирус анықталды. Бүгінде барлығы 4 топ карантинінде. Ал 1 қыркүйектен бастап 800 оқушының бойынан вирус табылды. Қазіргі кезде 15 сынып карантинге жіберілді», - деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Гүлбану Дәулетова.