ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті Ақтөбе облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Дастан Сағыровтың айтуынша, бүгінде Қарғалыдан өзге ауданның бәрінде өңдеу жұмысы жалғасып жатыр.
- Ақтөбе облысы бойынша шегірткеге қарсы улау жұмысы 580 мың гектар аумақта жүргізілуі тиіс. Оның 424 мың гектары үйірлі, 160 мың гектары саяқ шегірткеге қарсы өңделеді. Бүгінде 160 мың гектар аумақта улау жұмысы жүргізілді. Улау жұмыстары кезінде авиация мен дрондар да қолданылып жатыр. Барлығы үш дрон бар. Шалқар, Ырғызда дрон қолданылды, енді Ойыл мен Темір аудандарына жіберіледі. Көбіне қолайсыз аумаққа дрон ұшырылады,- деді ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті Ақтөбе облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Дастан Сағыров.
Инспекция ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен фермерлерге, тұрғындарға үндеу жасады. Зиянкесті көрген кез келген адам 7 702 577 67 22 байланыс нөміріне хабарласа алады. Онда қай жерден, жайылым мен ауыл маңынан шегіртке көргенін айтып, ақпарат берсе болады.
Еске салсақ, биыл Қазақстанда шегірткеге қарсы өңдеу көлемі 900 мың гектарға азайды. Елімізде 2,2 млн гектар жерді өңдеу жоспарланған.