«Ата-аналардың екпеден бас тарту жағдайлары 2005 жылдан бастап тіркелді. Алғашқы жылы 11 бала еді, 2016 жылы 2538 балаға жетті. Шынын айтқанда, соңғы 5 жылда бас тартушылар саны 10 есе өсіп отыр. 2016 жылы 404 бала жаңадан қосылған, олардың 25 пайызы - жас отбасының балалары. Қазіргі таңда Ақтөбе облысы бойынша 2538 бала тіркеуде тұр. Оның ішінде туа бітті бірде-бір екпе алмаған балалар саны - 1534. Яғни, жұқпалы ауруларға сезімтал балалар саны өсіп жатыр»,- дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.
Екпеден бас тартқандардың 74 пайыздан астамы діни көзқарасты желеу етіп отыр. Кейбірі асқынудан қорқады, тағы біреулері түрлі ақпарат құралдарындағы жағымсыз деректерді алға тартты.
«Астанадан Ақтөбеге келген 200 маманның арасында теологтар болды. Біз байланысты әрі қарай жалғастырып, өз есебімізден шақырдық. Жұмыс екпе алудан бас тартушылар саны 309 балаға жеткен Темір ауданынан басталады. Сонымен қатар, Мұғалжар, Алға, Шалқар, Байғанин, Хромтау аудандарындағы аурухана мен емханалардан арнайы штат ашылды. Білікті маман алынып, ол күн сайын екпеден бас тартқан ата-аналармен жұмыс істейтін болады»,- деді Әсет Қалиев.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы осы жұмыстан жақсы нәтиже шығатынына үмітті.
Алтынай САҒЫНДЫҚОВА