Ақтөбеде 19 жастағы қыздың өліміне себепкер болған жүргізуші ауруханадан шықты

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде 19 жастағы Сюзанна Гамидованың өліміне себепкер болған жүргізуші ауруханадан шықты. Оның өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жол-көлік оқиғасы кезінде зардап шеккен науқас екі апта бойы ем қабылдап, ауруханадан шығарылды. Ол кеуде, жабық бас-ми жарақатын алып, емделді. Науқас емін учаскелік емханада жалғастыра алады»,- деді облыстық жедел жәрдем ауруханасы, политравма бөлімінің меңгерушісі Жақия Байзуллин. Дәрігерлердің айтуынша, жүргізуші травматолог, невропатолог, терапевттің қадағалауында болады.

Еске салсақ, 7 шілде күні Тұңғыш Президент атындағы орталық саябақта жол апаты болып, оқиға орнында 19 жастағы Сюзанна Гамидова қаза тапты. Ал 19 жастағы жігіт бірнеше дене жарақатымен облыстық жедел жәрдем ауруханасына түсіп, отадан соң Қостанай облысына, өз тұрғылықты жеріне ем қабылдауға кетті .

Айта кетейік, Ақтөбе облыстық ІІД баспасөз қызметі осы оқиғаға қатысты қандай да бір ақпарат беруден бас тартып отыр.