Ақтөбеде 200-ге жуық адам инфекциялық стационарларда ем қабылдап жатыр

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысында 194 адам инфекциялық стационарларда ем қабылдап жатыр. Бір аяғы ауыр келіншек өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысы 29 қазаннан бері «сары» аймақта. Эпидемиологтар жағдайды бақылауда ұстап, бес тәуліктің өткенін күтіп отыр. Егер эпидахуал тұрақталмаса, шектеу шарасы қайта күшейтіледі.
«Ақтөбе облысы бойынша 194 адам инфекциялық стационарларда ем қабылдап жатыр. Оның 29-ы жансақтау бөлімінде. Қазіргі кезде Covid-19 жұқтырған 25 жүкті әйелдің 18-і ауруханада жатыр. Оның біреуі өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Ал балалар туралы айтар болсам, екеуі ауруханада. Жағдайы қалыпты. Барлығы 54 бала вирус жұқтырып, бақылауға алынған»,- деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Күштаева.
Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаевтың айтуынша, соңғы кезде көбіне 60-65 жас аралығындағы адамдар вирус жұқтырып, жиі ауыра бастаған.
Айта кетейік, бір тәулікте тағы 37 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Оның 36-сы дерттің симптомды түріне шалдыққан. Бүгінге дейін облыста 33 мыңнан астам адамның ПТР сынамасы оң мән көрсетсе, оның 97,3% жазылды. Қазіргі таңда үй карантиніне 8374 адам алынып, оларға медициналық бақылау жүргізілуде.