Ақтөбе облыстық Білім басқармасы Kazinform тілшісіне қай ауданда қай мектептің қазандығы ғимарат ішінде орналасқанын тізбектеп берді. Қазір барлығы 21 мектеп мәселесі өзекті. Олар: Алға ауданындағы Амангелді және Талдысай негізгі мектептері, Әйтеке би ауданы Ақтасты орта мектебі, Қарғалы ауданы Велиховка бастауыш мектебі, Қобда ауданында Қөсөткел және Қобыланды негізгі мектептері, Мәртөк ауданында Байторасай негізгі мектебі, Дмитриевка орта мектебі, Мұғалжарда Ақсу, Сабындыкөл негізгі мектептері және №59 бастауыш мектебі, Ойыл ауданындағы Қарасу, Терікті негізгі мектептері мен Екпетал мектеп-балабақшасы, Құбасай, Құрман бастауыш мектептері, Шалқар ауданында Шоқысу негізгі мектебі мен №№ 33, 36, 44, 60 бастауыш мектептері.
«21 мектептің алтауы электр қазандығымен жылытылады. Олар Алға, Мәртөк, Ойыл, Шалқар аудандарында орналасқан. Қалған 15 мектептің мәселесін шешу жолы қарастырылады. Қазір Алға ауданы Талдысай негізгі мектебіне жобалық-сметалық құжат дайындалып жатыр. Ал Ойыл ауданы Екпетал негізгі мектебі мен Мұғалжар ауданы №59 бастауыш мектебіне жаңа орыннан құрылыс монтаж жұмыстары жүргізілуде. Ал Әйтеке би ауданындағы Ақтасты орта мектебі мен Қобда ауданындағы Қобыланды негізгі мектебінде қазандық салынады. Қобда ауданындағы Қосөткел негізгі мектебінің қазандығына қаржы қарастырылғанымен, құрылыс-монтаж жұмысы басталмады. Мұғалжар ауданындағы Ақсу негізгі мектебі мен Ойылдағы Теректі негізі мектебі 2025 жылы жаңарады. Яғни, жаңа білім ордасының құрылысы жоспарланған. Қалған 7 бастауыш мектептің мәселесі 2028 жылға дейін шешіледі. Оларда бала саны аз. Кейбірінде 5, кейбірінде 25 оқушы ғана бар», - деп хабарлады Ақтөбе облыстық Білім басқармасы.
Айта кетейік, Ақтөбе облысы әкімдігінде өткен жиында әлеуметтік нысандардағы газ қазандықтарын ғимараттың сыртына ауыстыру жайы айтылды. Облыс әкімі Асхат Шахаров қазандықтарды бұзып, бөлек салуды тапсырды.
Бұған дейін жазғанымыздай, Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Жұрын мен Қаракөл ауылдарының арасындағы жол құрылысы биыл толық аяқталуы тиіс. Мұғалжар аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мердігерді сотқа бергенімен, жеңіліп қалды.