Ақтөбе облысында қызылша дерті анықталып, бұған дейін 7 бала ауруханада ем қабылдаған болатын. Қазіргі күні ем қабылдағандардың саны 10-ға жетті. Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті балабақша, мектептердегі ата-аналардың ортақ чатына хабарлама таратып, әлеуметтік желі арқылы ақпарат беруді күшейтті. Сонымен қатар, мүлде екпе алмаған ата-аналарға түсіндіру жұмысы жүргізіліп жатыр.
«Ақтөбе облысы бойынша зертханамен дәлелденген 10 жағдай тіркелді. Олардың көбі - 1 жасқа толмаған балалар. Вакцинаның өзі 1 жастан басталады. Алдын алу жұмыстары жан-жақты жүріп жатыр. Ауру ошағы анықталып, тексерілді. Балалар ем қабылдап, ауруханадан шықты. Халық арасында санитарлық-ағарту жұмыстары жалғасады. Ата-аналарға да ақпарат берілді. Қызуы көтеріліп, баланың үсті бөрткен кезде дереу хабар беру керектігін бәрі біледі. Негізі соңғы жағдай 2005 жылы тіркеліп, 30 адам ем қабылдаған еді. Оның бір емі - вакцина. Сондықтан біз бұрын вакцина алмаған 30 жасқа дейінгі адамдарды анықтап жатырмыз. Барлығы 600-ден астам адам екпе алды», - деді облысдық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев.
Мамандардың айтуынша, қызылшаға қарсы екпе жасау, анықтау жұмысы 2018 жылдың қараша айында басталды.
«1 жасқа толмаған балалар үшін Ақтөбеге 27 мыңнан астам вакцина жеткізілді. Министрлік тапсырмасы бойынша вакцина 9 айдан бастап егіледі. Тағы 3,5 мыңнан астам вакцина алынады», - деді ол.