Ақтөбеде 34 елді мекенді су басу қаупі бар

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде 11 мыңнан астам тұрғыны бар 34 елді мекен су басу қаупі бар аумақта орналасқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысында көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық жүріп жатыр. Жаз-күз айларында алдын алу жұмыстары атқарылып, 4 елді мекендегі қауіп жойылды. Сонымен бірге 13 елді мекендегі қауіп сейілгенімен, өзгесі сол күйі қалып отыр.

«Су тасқыны болуы мүмкін ауылдардың тізімінен шыққан 4 елді мекен алдағы үш жылда төтенше жағдайлар қызметкерлерінің бақылауында болады. Бөгеттер, құрылымдардың шыдамдылығы тексеріледі. Жалпы биыл дайындық кезінде жанар-жағармай, инертті материалдар әзірленді. Бюджеттен 250 млн теңге қарастырылған. Қажет болған жағдайда 2 млрд теңге бөлу мүмкіндігі де бар. Биыл су тасқыны кезеңіне дайындық кезінде мыңнан астам адам, 400-ден астам техника, 78 жүзу құралы мен 251 мотопомпа әзірленді. 14 мыңға шақталған 84 орналастыру бекеті бар», - деді облыстық ТЖД басқармасының бастығы Құмар Тұрмағамбетов.

Ақтөбе облысы аумағындағы жолдарда тазартылуы тиіс 3 мыңнан астам су өткізу құрылысы, 660 көпір бар. Бәрінде жұмыс наурыз айында басталады.

«Елек, Қарғалы өзендерінің су бассейндері тексерілді. Былтырмен салыстырғанда биыл Елек өзенінде су 40%, ал Қарғалы өзенінде 15% көп. Кезекті тексеру 21 ақпан күні басталады. Нәтижесі осы аптаның соңында белгілі болады. Биыл облыс бойынша 13 қар шығару полигоны белгіленді. Тұрғындар аулаларындағы қарды жинап, көшеге шығаруы тиіс. Көшедегі қарды жинау осы айда аяқталуы керек», - деді Құмар Тұрмағамбетов.

Айта кетейік, Ақтөбе су қоймасының жобалық қуаттылығы 245 млн текше метр болса, бүгінде оған 68 млн текше метр су жиналған. Қарғалы су қоймасында 32%, Саздыда 36% су қоры бар.