ОРАЛ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде жол апатына ұшыраған автокөліктің ішінде оралдық мұғалімдер болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚазАқпарат бұдан бұрын жазғандай, Самара-Шымкент тасжолы бойында Ақтөбе облысы аумағында «Лада Ларгус» автокөлігі «DAF» жүк көлігімен соқтығысып, төрт адам көз жұмған.
БҚО білім басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, жеңіл көлікте Орал қаласының мұғалімдері болған.
«Педагогтар Ақтөбе қаласына диплом алуға бара жатқан. Олар өз өтініші негізінде еңбекақысы сақталмайтын еңбек демалысына шыққан. Жол апаты салдарынан №47 орта мектептің педагог-дефектологы оқиға орнында қаза тапты. Сондай-ақ №5 орта мектептің логопед маманы мен Орал қаласы психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінің сурдопедагогы ауыр халде ауруханаға жеткізілген. Кейін олардың біреуі - сурдопедагог қайтыс болғаны жөнінде хабар келді. №9 орта мектептің педагог-дефектологы Ақтөбе қаласына басқа көлікпен барғандықтан, зардап шеккен жоқ. Оқиғаның жай-жапсары әлі анықталып жатыр», - деп хабарлады ведомстводан.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).