Қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмысты болдырмау, жолын кесу мақсатында республикалық және халықаралық маңызы бар тасжолдарда «Жолдағы құқықтық тәртіп» жоспардан тыс жедел-алдын алу шарасы өткізілді.
Барлық бағыттағы автожолдарға патрульдік, криминалдық полиция және кинология қызметкерлерінен тұратын мобильді топтар қойылды.
Аталған топтар жол қозғалысын қадағалаудан басқа республикалық және халықаралық маңызы бар тасжолдарда, жақын орналасқан елді мекендер мен шаруа қожалықтарында құқық бұзушылықтардың жолын кесуге бағытталған жұмыс жүргізді.
Полиция қызметкерлері жүргізушілерге алыс жолда демалуға болатын орындар және қауіпті аумақтар көрсетілген ақпараттық парақша таратты.
Полицейлер тасжолдардың әр бағытында иесіз жайылып жүрген 54 бас малды айдап, арнайы қораға қамады.
Иесіз қалған мал ең алдымен түнгі уақытта қауіп төндіреді. Кенеттен жолға шығып, жол-көлік оқиғасын тудырады.
Сонымен қатар, 116 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.
Оның ішінде аң аулау, ауыл шаруашылығы жануарларын жаю ережелерін бұзу, қаруды сақтау ережелерін бұзу дерегі бар.
«Тіркеусіз жүрген 36 шетелдік анықталды және 5 шетелдік көші-қон саласындағы заңнаманы бұзды. Бірінші күні 233 автокөлік тексерілді. Аудандық полиция бөлімдерінің аумағына тиісті құжаттары жоқ 4 автокөлік жеткізілді. Сонымен қатар, 27 жүргізуші белгіленген қозғалыс жылдамдығын асырып, 4 мас жүргізуші анықталды. Мұндай жұмыстар жүйелі негізде жүргізіледі. Бұл - бірінші кезекте азаматтарды құқықтық тәрбиелеу және құқық бұзушылықтың алдын алу»,- дейді облыстық ПД бастығының бірінші орынбасары Қанат Әлиев.