Ақтөбеде 4 мұнай компаниясын шығынға батырған брокер сотталды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қалалық сотының шешімімен сотталған брокер 4 мұнай компаниясына 19 млн теңгенің шығынын келтірген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ақтөбе көлік прокуратурасы Қазақстан Республикасына әкелінген тауарлардың кедендік рәсімдеу құжаттарының заңдылығына талдау жүргізді. Тексеру жұмыстарының нәтижесінде Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламент талаптарына сәйкестігіне қатысты мұнай құрылғылары бойынша 350-ден астам жалған декларация анықталды», - делінген Бас көлік прокуратурасының баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Сотқа дейінгі тергеу амалдары барысында жалған құжаттардың әзірленуіне «KB Partnership» ЖШС брокері И.Е.Бегімовтың қатысы бары анықталған.

«Оның заңға қайшы әрекеттері салданынан 4 мұнай компаниясына 19 млн теңгенің шығыны келтірілді. Ақтөбе қалалық сотының үкімімен кінәлі азамат ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін (ҚР ҚК 190-бабы, 4-бөлігі) 5 жылға шартты түрде сотталды. Шығын толық көлемде өтелді. Сот шешімі күшіне енді», - делінген хабарламада.

Онымен бір мезгілде, прокуратураның қадағалау актісі бойынша «Ембі» кеден бекетінің екі лауазымды тұлғасына қызметіне толық сай келмейтіндігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тартылды.