Өңірге жұмыс сапары барысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы «Фитосанитария» РМК облыстық карантиндік зертханасының қызметімен, ПТР-зертхананың жұмысымен және өндірістік жұмыстардың ұйымдастырылуымен танысты. Диагностикалау үдерісінің жеделдігі, жүргізілетін зерттеулердің сапасы және мекеменің материалдық-техникалық базасын нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сондай-ақ Ермек Кенжеханұлы шегіртке зиянкестеріне қарсы жүргізіліп жатқан күрес шараларының барысын тексерді.
Аумақтық инспекция, Фитосанитариялық диагностика және болжамдар жөніндегі республикалық әдістемелік орталық, сондай-ақ химиялық өңдеу жұмыстарын жүзеге асыратын ұйымдар өкілдерінің қатысуымен өткен көшпелі жұмыс кеңесінде фитосанитариялық ахуал, шегірткелердің таралуына жүргізілген мониторинг нәтижелері, мекемелер арасындағы өзара іс-қимыл және зиянкестер ошақтарына жедел әрекет ету мәселелері қаралды.
Кеңес қорытындысы бойынша алдын алу шараларын күшейту, қолданылатын препараттар мен өңдеу технологияларының тиімділігін арттыру қажеттігі атап өтілді. Сондай-ақ фитосанитариялық жағдайдың өзгеруіне жедел әрекет ету, шегіртке зиянкестерінің ошақтарын дер кезінде анықтау, жүргізілетін өңдеу жұмыстарының сапасы мен қолданылатын препараттардың тиімділігіне бақылауды күшейту және зиянкестердің одан әрі таралуына жол бермеу жөнінде тапсырмалар берілді.
Айта кетейік, 2026 жылы Ақтөбе облысында шегіртке зиянкестеріне қарсы күрес шараларын 424 мың гектар алқапта жүргізу жоспарланған. Бүгінгі күні 283 мың гектар жер өңделіп, жоспардың 66,7%-ы орындалды. Жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жалғасады.
Бұған дейін Атырауда 28,7 мың гектар жер шегірткеге қарсы өңделгенін жаздық.