Ақтөбеде 500-ден астам сотталған жұмыспен қамтылған

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Биыл мекеменің өндірістік аймағында тағы 10 шағын және орта кәсіп іске қосылған. Жазасын өтеушілер төсек-орын, түрлі арнайы киімдер тігіп, құрылыс материалдарын да шығарады.

Фото: Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті

Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, өңірде мыңға жуық сотталған жазасын өтеп отыр. Бүгінде оның 500-ден астамы жұмыспен қамтылған.

- Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті №8 мекемесінің базасында 22 шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Олар былғары бұйымдарын, жылу қаптамаларын, резеңке бұйымдарын шығарады. Жүргіншілер жолына арналған тас та өндіріледі. Балық өнімдері де бар. Былтырға қарағанда өндіріс орындарының саны 10-ға артты,- деді Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары Қанат Алпысбаев.

Жазасын өтеу мекемесінде өндіріс аймағы бар. Онда жаңа ангар және модульдік ғимараттар орналасқан. Енді жаңа өндірістік цех пен саңырауқұлақ өсіруге арналған жылыжай іске қосылды.

Айта кетейік, Шығыс Қазақстан облысындағы түзеу мекемелерінде еңбекке қабілетті 2 мыңға жуық сотталғанның 1 475-і жұмыспен қамтылған.