Ақтөбеде 60 млрд теңгеге шыны ыдыс шығаратын зауыт салынады

АСТАНА. KAZINFORM – Ақтөбе қаласында жылына 256 млн дана шыны ыдыс өндіретін зауыт салынады. Жобаға 60 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланған, деп хабарлайды Үкімет.

Фото: Үкімет

Премьер-министр Олжас Бектенов Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Aktobe Steklo ЖШС арасында инвестициялар туралы келісімге қол қоюды мақұлдайтын қаулыға қол қойды.

Жоба Мемлекет басшысының өңдеу өнеркәсібіне инвестиция тарту, импортты алмастыру және отандық өндірісті дамыту жөніндегі тапсырмалары аясында жүзеге асырылады.

Кәсіпорын құрылысын 2026 жылдың төртінші тоқсанында бастау, ал 2029 жылы пайдалануға беру жоспарланған.

Жобаның жалпы инвестициялық құны – 60 млрд теңге. Зауыт толық қуатына шыққан кезде жылына 256 млн дана шыны ыдыс өндіре алады.

Қазіргі уақытта Ақтөбе облысында шыны өнімдерін шығаратын жергілікті өндіріс жоқ. Жаңа кәсіпорын осы олқылықтың орнын толтырып, ішкі нарықтағы отандық шыны ыдыс көлемін арттыруға мүмкіндік бермек.

– Кәсіпорын өнімдерінің 80%-на дейін Қазақстанда сату, қалған бөлігін Орталық Азия елдерінің нарықтарына шығару жоспарлануда. Өндіріс шикізатты сұрыптаудың, технологиялық үдерістерді басқарудың және сапаны бақылаудың заманауи автоматтандырылған жүйелерімен жарақтандырылатын болады. Өнімді шығару кезінде отандық табиғи минералды шикізатты, сондай-ақ қазақстандық өндірушілердің тауарларын, жұмыстары мен қызметтерін пайдалану жоспарлануда, – делінген Үкімет хабарламасында.

Жоба аясында өндірісте қайталама шикізатты пайдалану үлесін біртіндеп арттыру көзделген. Атап айтқанда, жобаны қаржыландыру кезеңінде 245 мың тоннадан астам шыны қалдығын қайта өңдеп, өндірісте қайта пайдалану жоспарланып отыр.

Зауыт іске қосылғаннан кейін 300-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылады. Қазақстандық мамандар үшін үздіксіз оқыту және біліктілікті арттыру бағдарламалары қарастырылған.

Жаңа өндіріс тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібінің дамуына да ықпал етпек. Отандық шыны ыдыс көлемінің артуы өнім жеткізу мерзімдерін қысқартып, басқа кәсіпорындарды қажетті қаптамамен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар шыны қалдықтарын жинау, сұрыптау, қайта өңдеуге дайындау және оларды өндірісте қайта пайдалану бағытындағы жұмыстар дамиды.

Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбеде шетелдік инвесторлардың қатысуымен алкогольсіз сусын шығаратын зауыт салу туралы инвестициялық келісімге қол қойылған еді.