Ақтөбеде 680 грамм болып туған сәби қазір 9 жаста - неонатолог-невролог

АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Қазақ бұрын шала туған баланы тымаққа салып бақса, бүгінде мұндай сәбилердің өмірін заманауи медициналық технологиялар көмегімен сақтап қалуға болады. Салмағы небәрі бірнеше жүз грамм болып туған нәрестені күтіп-баптау дәрігерлер мен ата-анаға да үлкен жауапкершілік жүктейді. Ақтөбе облыстық перинаталдық орталығының неонатолог-невролог дәрігері Жанна Тлеу Kazinform тілшісіне мерзімінен бұрын туған сәбилерге көрсетілетін медициналық көмек, олардың күтімі туралы айтып берді.

Фото: Kazinform

- Мерзімінен бұрын өмірге келгендер...

- Сәби жүктіліктің 22 аптасында өмірге келсе, оны мерзімінен бұрын туылды деп айта аламыз. Қазіргі кезде Қазақстандағы, оның ішінде Ақтөбедегі облыстық перинаталдық орталықта ем неонаталдық бөлімшелерде көрсетіледі. Оның үш кезеңі бар. Біріншіден, интенсивті терапия және реанимация бөлімшесінде жағдайы өте ауыр шақалақтар жатады.

Мұндағы нәрестелер аппаратқа қосылады, жасанды жолмен тамақтанады. Екіншіден, бала жағдайы тұрақталған кезде жоғары тәуелділік бөлімшесінде ем алады. Анасы сәбиіне күтім жасауды үйренген соң арнайы бөлімшеге ауыстырамыз. Нәресте осылайша үш кезең бойынша ем алады. Егер сәби аудан, ауылда өмірге келсе жағдайы тұрақталған соң санавиация арқылы орталыққа жеткізіледі.

- Анасы шала туған баланың күтімін сіздерден үйрене ме?

- Мәселен бала 810 грамм болып өмірге келді. Алдымен жансақтау бөліміне, кейін жоғары тәуелді бөлімшесіне ауысады. Анасының денсаулығы қалыпты болса міндетті түрде баласының жанында болады. Тәулік бойы жанында жүруге рұқсат бар. Жөргектерін ауыстырады, сүтін сауып, сәбиіне береді. Кейін жоғары тәуелді бөлімшесіне ауысып, анасы мен баласы бір палатада жатады. Бала күтімін анасымен бірге дәрігер, медбикелер де атқарады.

- Мерзімінен бұрын туған сәбидің ең төменгі салмағы қанша грамм болады?

- Перинаталдық орталықта жұмыс істеп жүргеніме 14 жыл болды. Ең аз салмақ – 680 гр. Қазіргі ол 9 жаста. Ол өзі қатарлы балалармен бірге дамыды, қазір мектепте оқып жүр. Ал қазір бөлімшеде салмағы 790 гр болатын нәресте бар. 50 тәулікте оның салмағы 1485 грамға жетті.

- Айы-күні жетпей туған бала қай уақытта толық жетіліп, үйіне орала алады?

- Бұл әр ата-ананың ең бірінші сұрағы. Өздері ғана емес, туысқандары да білгісі келеді. Бала салмағы 700 гр, 1 500 гр, тіпті 2 200 гр болса да бұл – мерзімінен бұрын туған. Мәселен жүктіліктің 26-аптасында өмірге келсе, 37 аптаға дейін орталықтағы дәрігерлердің күтімінде болады. Осы уақыт аралығында бала дамып, жетіледі. Алдымен өздігінен тыныс алуды үйренеді. Ол үшін жасанды өкпе желдеткішін қосамыз немесе респираторлы қолдау жүргізіледі. Сонымен бірге қан айналымы да тұрақтануы тиіс. Жүрек соғысы реттелуі үшін 3-5 сағат сайын УДЗ жүргізіліп, тексереміз. Жұмыстың бәрі қатар жүргенде ғана бала жетіліп, тыныс алып, қан айналымы реттеледі. Анасының уызымен қоректенуі де сәби үшін үлкен күш. Ал егер анасының сүті жеткіліксіз болса қосымша қоспа беріледі. Салмағы 2 000 грамға жеткенде үйге жіберіледі. Анасы баласына өздігінен күтім жасай ала ма? Қорықпай ма? Осы сұрақтардың да жауабы маңызды. Кейде сәби салмағы 2 200 гр болып өмірге келеді, алайда анасы өз-өзіне сенімсіз күйде жүреді. Мұндайда психологтер де көмек көрсетеді.

- Бұрын шала туған баланы тымаққа салып баққан деп естиміз...

- Ата-бабамыз бұрын шақалақты аң терісінен тігілген бөрікке салып, киіз үйдің шаңырағына іліп қоятын. Ал қазір жаңа туған нәрестелер үшін кювез аппараты бар. Ақтөбеде Жапониядан шыққан аппаратты қолданады. Артықшылығы – сәби ана құрсағындағыдай қолайлы ортада болады. Баланың дене температурасын көреміз және ылғалдылық сақталады. Алғашқы күндері ылғалдылық 90 пайызға дейін көтеріледі. Сәби салмағы 900-1 000 грамм болған кезде терісі кеуіп кетпеуі тиіс. Сонымен қатар фототерапия емі жүргізіледі.

- Шақалаққа неліктен тоқыма бұйымдар кигізеді?

- Орталықта реанимацияға арналған құрал-жабдықтар да бар. Шақалақ әдетте тез тоңады, бұл аппарат дене қызуын қалыпты сақтап тұруға көмектеседі. Көрсеткіштерді бақылап, мониторинг жүргізіледі. Тағы бір айта кетерлігі, мида тыныс алуды реттейтін орталық бар.

Тыныс алу орталығы әлі жетіле қоймаған кезде нәресте терең ұйқыға кетуі мүмкін. Терең ұйқыға кетсе тыныс алуын уақытша тоқтатуы мүмкін. Өздігінен тыныс алып, сергек болуы үшін тоқыма киімдерді кигізіп қоямыз. Тоқыма теріні тітіркендіріп, ұйқысынан оятып тұрады.

Бұл бірінші қасиеті. Екіншіден, тоқыма жылу береді. Тоқыма бұйымдарды «28 ілмек» еріктілер тобы әкеліп береді. Көрпеше, бас киім және кеудешесі және ойыншығы бар. Оны қолына ұстатып қоямыз.

- Өзіңіз туралы айтсаңыз…

- М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетіндегі интернатураны аяқтаған соң Ақтөбе облыстық перинаталдық орталығына жұмысқа қабылдандым. Биыл 14 жыл болды. Одан кейін резидентура мен докторантураны тәмамдадым. Өз еңбек жолымда тек нәрестелерді емдеп қана қоймай, шетелдік университет және ғалымдармен бірге жұмыс істедім. Докторантура кезінде екі бағыт бойынша зерттеу жүргіздім. Орталық жүйке жүйесінің дамуына, мерзімінен бұрын туған нәрестенің миының даму ерекшеліктеріне арналды. Неврологиялық бұзылыстарды зерттеп, дер кезінде ата-анасына жеткізу, оңалтуды ерте бастау мәселесін қамтыдым. Австриядағы Грац университетінің профессорларынан білім алып, тәжірибеде қолданып жүрмін. Сонымен бірге мен Ақтөбедегі медицина университетінде оқытушы қызметін атқарамын. Жас мамандарды даярлап жүрмін. Арманым – жас неонаталогтардың бізден де мықты маман болуы. Шетелге шығып, клиникаларын көрсе, емдеу тәсілдерін салыстырып, үздігін үйренсе деймін.