Ақтөбеде 7 жасар бала ашық тұрған құдыққа түсіп кетті
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Баланың жылап, көмекке шақырған дауысын жанынан өтіп бара жатқан жас жігіт естіп, көршілерін көмекке шақырған. Сөйтіп ересектер оқушыны 3 метр тереңдіктен алып шықты.
Ақтөбе қаласы Алматы ауданы Қарғалы тұрған алабында мектеп оқушысы құдыққа түсіп кетті. Құдық бұған дейін көлік дөңгелегімен белгіленіп қойған. Қатты жел кезінде артқа қарай жүрген оқушы байқаусызда шалынып, құдыққа құлаған.
– Менің балам әжесінің үйінен келе жатқан еді. Сол кезде жолдан баланың жылаған дауысын естіген. Алғашқыда дауыс аула ішінен, тіпті даладағы дәретханадан шығып жатыр деп ойлады. Ол жанында тұрған құдыққа үңіліп қарағанда баланы көреді. Құдықтың бетінде көлік дөңгелегі болған. Қатты жел кезінде бала артқа қарай жүріп, сонда түсіп кетеді. Баланы көрген бойда маған хабарласып, төтенше жағдайлар қызметін шақыруды сұрады. Мен олар келгенше көп уақыт өтетінін, көршілерді шақыруын сұрадым. Сөйтіп көршілерді, ағасын шақырып, сол жерден өтіп бара жатқан жасөспірімнен көмектесуін сұрайды. Арықша келген баланы құдыққа түсіріп, оқушыны матаға іліп, алып шыққан. Кейін көмек көрсеткен бала шығарылды. Біз ол баланы танимыз, білеміз. Ол 7 жастағы бала. Тереңдігі үш метр құдық бұған дейін ашық тұрған, - деді қала тұрғыны Орынша Бисенбекова.
Оның айтуынша, оқушы құдық ішінде жарты сағат отырып, көмек күткен. Ата-әжесінің, ата-анасының атын айтып шақырып, жылаған.
«Aqtobe su energy group» АҚ хабарлауынша, бұл құдық «Әлихан Ойл» ЖШС-не тиесілі.
– Тұрғындардан қауіп туралы ақпарат түскен соң «Aqtobe su energy group» АҚ қызметкерлері жедел түрде оқиға орнына барып, құдық бетін жапты. Қала тұрғындарының қауіпсіздігі біз үшін әрқайым басты орында. Сондықтан мұндай жағдайда жедел әрекет етуге тырысамыз, - деп хабарлады коммуналдық компания.
Оқушының анасы Айгерім Русанова бүгін полицияға арыз түсірді. Құдық иесін анықтап, шара қолдануды сұрап отыр. Ертең прокуратура мен сотқа да шағым түсірмек.
– Балам қазір ауруханада жатыр. Оның дене температурасы түсіп кетіп, ем қабылдау қажет болды. Сонымен бірге жабық бас-ми жарақатын алған болуы мүмкін. Ол жағы әлі нақтыланады. Тобығы да тайып кеткен секілді. Ол қатты қорқып қалған. Балам екінші сынып оқушысы болғанымен денсаулығына байланысты екі апта мектепке бармады. Бірақ қосымшасынан қалмады. Сол кезде де репетитордан шығып, үйге келе жатқан шағы еді. Бұл жерде адамдар жүреді. Көршілерімнің айтуынша, құдық екі жылдай сол күйі тұрған. Ал оқиға болғанда бірден келіп, жарты сағатта жапты, - деді оқушының анасы Айгерім Русанова.
Оның айтуынша, құдықтан шыққан бала алғашында киімдерін қағып, жасөспірімдермен үйіне келген. Ет қызуымен ештеңе сезбегенімен анасы қарап, денесі мұндай екенін біледі. Кейін ауруханаға жеткізіп, дәрігерлер қарауына қалдыруды жөн көрді.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Абай облысында із-түзсіз жоғалған бала 6 сағат бойы құдықта болған.