Ақтөбе қаласы Қурайлы ауылындағы 7 жастағы қызды көршілері аман алып қалды. Кристина Шустерді өгей шешесі ұрып, тамақ бермей, аш ұстаған. Қыздың көз жанары қанталап, соққы тиген жерлері көгеріп кеткен. Бірнеше күн бұрын айқай-шу болып, кейін үнсіз қалған отбасыдан күдіктенген ауыл тұрғындары дереу полиция қызметкерінен көмек сұрайды.
«Кристинаның әкесі бұрын баласына жақсы қарап, қамқор болып жүрген. Үйленген соң адам танымастай өзгеріп кетті. Үй иелерін көрген кезде балаларды сұраймын. «Олар теледидар қарап отыр» деп қысқа қайыратын. Бәрі қиын жағдаймен аяқталды», - дейді ауыл тұрғыны, көршісі Қасия Қосжанова.
Айта кетейік, осы оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің «Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау» бабы бойынша іс қозғалып, тергеу басталды. Егер ата-ананың кінәсі толық дәлелденсе 300 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл төлейді немесе қоғамдық жұмыстарға тартылады. Тіпті 75 тәулікке дейінгі темір торға қамалуы мүмкін. Ал бас-ми жарақатымен ауруханаға түскен Кристина Шустер қазір ауруханада ем алып жатыр. Оның бойын үрей билеген.
«Үйге қайтып барғым келмейді. Анама барсам деймін. Мені құтқарып қалған Қазбек ағаға рахмет айтамын», - деді Кристина Шустер.
Тұрғындар дабыл қағып, учаскелік полиция қызметкері іздеп барып, 7 жастағы қызды үйінен тапты. Баланың бет-аузы қанталаған, көзі көгерген. Мектеп оқушысы сол мезетте ауруханаға жатқызылды. Полиция қызметкері оқушыны шкаф ішінен тауып алған.
«Үйге барған кезде есікті ешкім ашпады. Кейін тапжылмай тұрып, үйге кіруге мүмкіндік алдық. Олар қызды шкаф ішінде қамап отырған екен. Оқушы қыз қатты қорқып қалған. Енді үйіне барғысы келмейді», - деді Зауыт полиция бөлімінің учаскелік полиция қызметкері Қазбек Адайбаев.
Кристина Шустер 1 жасқа толғанда анасы одан бас тартып, сәбилер үйіне тапсырған. Ал үш жасқа келген соң оны әкесі В.Шустер алып, тәрбиелейді. Алғашқы жылдары қызы мен әкесі арасындағы қарым-қатынас өте жақсы болған. Кейін В.Шустер үйленіп, Кристина өгей шешесімен тіл табыса алмаған. Іс бойынша тергеу жүріп жатыр. К.Шустер ауруханадан шыққан соң кәмелет жасқа толмағандарды уақытша бейімдеу орталығына жатқызылады.