Ақтөбеде мектеп құрылысы жалғасып жатыр. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен өткен жиын кезінде жаңа мектептер мен балабақшалардың оқу жылына дайындығы пысықталды. Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, өңірде 9 490 оқушыға арналған 26 мектеп салынып жатыр. Жаңа мектептің 8-і Білім күні пайдалануға беріледі. Алдағы уақытта тағы 7 мектеп ашылады. Әрі биыл 68 мектепті жөндеуге 1,5 миллиард теңге жұмсалды. Ал 2018-2019 оқу жылына арналған оқулықтарды сатып алуға 1,6 млрд теңге бөлінді. Оқулықтың бәрі 25-тамызға дейін жеткізіледі. Жиын кезінде 1 қазанға дейін ауыл мектептері мен балабақшаларды жылытуға арналған сұйық және қатты отынды жеткізу жұмыстары аяқталатынын мәлім болды.
«Оқу жылының басталуына қатысты барлық сұрақтар тұрақты бақылауда болуы керек. Сонымен қатар, 1 қыркүйекке дейін барлық мектептерді спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, материалдық-техникалық базаның барынша жаңартылуын қадағалаңыз», - деді облыс басшысы Бердібек Сапарбаев.