Ақтөбеде 8 театр республикалық фестивальге қатысуда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақтөбеде Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Т.Ахтанов атындағы драма театрда Қазақстан драма театрларының ХХІV республикалық фестивалі салтанатты түрде ашылды.

Оған Астана, Алматы қалаларынан, Атырау, Маңғыстау, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарынан келген барлығы 8 театр қатысуда. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Ақтөбе облысының әкімдігімен бірлесіп, 2016 жылдың 12-16 қыркүйек аралығында Ақтөбе қаласында Қазақстан драма театрларының ХХІV республикалық фестивалін өткізуде, деп жазады «Ақтөбе» газеті. 

Қазылар алқасының төрағасы - актер, өнертану магистрі, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры Ерлан Біләл. Қазылар алқасы құрамында театртанушы, өнертану кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор, доцент, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының театр өнерінің тарихы және теориясы кафедрасының меңгерушісі Сәния Қабдиева,  журналист, кинодраматург, «Дарын» мемлекеттік Жастар сыйлығының, Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дидар (Амантай) Қосылбеков, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі, республикалық мемлекеттік корей музыкалық комедия театрының директоры, профессор Любовь Ни, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы сахна тілі кафедрасының меңгерушісі Дариға Тұранқұловалар бар.

Алдымен қазылар алқасы мен фестивальді ұйымдастыру комитетінің мүшелерінің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Одан соң Қазақстан драма театрлары ХХІV республикалық фестивалінің салтанатты ашылу рәсімі болды.
Ашылу салтанатынан кейін Солтүстік Қазақстан облыстық С.Мұқанов атындағы қазақ музыкалық-драма театры Қ.Толыбайұлының «Дауылпаз баба - Қожаберген» (режиссері Батырбек Шамбетов) спектаклін көптің назарына ұсынды.
Атырау облыстық Махамбет атындағы қазақ драма театры Ш.Айтматовтың «Мәңгүрт» драмасын қояды. Ал, Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрдың қазақ труппасында  режиссер Дина Жұмабаева қойған Н.Гогольдің «Үйлену» комедиясы болады.
Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының орыс труппасында  режиссер Татьяна Лукомская қойған Ф.Достоевскийдің «Дядюшкин сон» комедиясы фестивальден тыс көрсетіледі.
С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театры (режиссері Дунай Еспаев) Д.Исабековтің «Өкпек жолаушы» драмасын ұсынады.
Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының А.Чеховтың «Шие» комедиясын (режиссері Сергей Потапов), Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрының У.Шекспирдің «Гамлет» трагедиясын (режиссері Гүлсина Мерғалиева) береді.
Астана қаласының Жастар театры Жан-Пьер Пило және Оливье Шультездің «Моцарт» мюзиклін (режиссері Нұрқанат Жақыпбай), республикалық неміс драма театры Әннас Бағдаттың «На Земле» («Рух») спектакль-лекциясын (режиссері Еслам Нұртазин) ұсынады.
Жұма күні Қазақстан драма театрларының ХХІV республикалық фестивалінің салтанатты жабылуы (жеңімпаздарды марапаттау рәсімі) болады.