Өткен тәулікте Ақтөбеде 9 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Оның бесеуінде симптом бар.
Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаевтың айтуынша, қазір науқастармен байланыста болған 33 адам оқшауланды.
«Биыл 30-39 жас аралығындағы адамдардан коронавирус инфекциясы жиі анықталып жатыр. Содан кейін 40-49 жас аралығындағы адамдар да ауырып, ем іздеп жүр», - деді Мұхтар Сербаев.
Қазіргі кезде Ақтөбедегі инфекциялық стационарларда 139 адам ем қабылдап жатыр.
Оның 17-і жансақтау бөлімінде болса, екеуі өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Сонымен бірге 18 бала амбулаториялық бақылауда.
Ал 4 жүкті келіншек ем қабылдап, ауруханада жатыр.
«Облыс бойынша вакцина салдыруы тиіс адамдардың 71% иммундау шарасына қатысты. Ал 88 мыңнан астам адам ревакцинациядан өтті. Қазіргі кезде 14 мыңнан астам адам Pfizer вакцинасын салдырды», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров.