Ақтөбеде әкелер байқауы қорытындыланды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде «Менің әкем» әлеуметтік жобасы қорытындыланды. Билеттен түскен қаржы Алға балалар үйінде тәрбиеленіп, кейін медициналық колледжге оқуға түскен Ирина Балашованың баспана алуға қажетті есепшотына аударылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысында бүгін «Менің әкем» әлеуметтік жобасы қорытындыланды. Бұған дейін хабарлағанымыздай, байқауға барлығы 116 отбасы қатысты. 


«Отан отбасынан басталады. Отбасының қандай болатыны отағасына байланысты. Сондықтан әкенің абыройын арттырып, мерейін өсіретін шара қоғамға қажет. Әке - асқар тау. Бұл сөздің түбінде үлкен мағына бар. Өкінішке қарай, соңғы жылдары отбасы құндылығы қоғамда әлсіреп барады. Қоғамдық ұйымдар, белсенді азаматтар осы жайды дөп басып, шара ұйымдастырды. Жыл сайын ұйымдастырса, әкімдік қолдау білдіреді», - деді Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев.


«Менің әкем» байқауында мүгедек балаларды тәрбиелеп, жалғыз өзі баласын бағып отырған әкелер «Қамқор әке» номинациясы бойынша марапатталды. Барлығы 10 қатысушыға арнайы алғыс хат пен ақшалай сыйлық берілді. Ал «Мерейлі әке» номинациясы бойынша Орыналы Қуанышбаев, «Батыр әке» номинациясында 90 жастағы Сейіт Сүтемгенов, «Бапкер әкені» Мұрат Шәріпов, «Өнерлі әкені» Нұржан Есмурзин, «Мұғалім ағай» номинациясын Райымбек Құрманғазин жеңіп алды. «Тәртіп сақшысы» номинациясы Мәжит Құрманғазин иеленді. «Ханшайымдар әкесі» аталымында бес қыз тәрбиелеген Елдос Жұмағұлов үздік шықты. Жеңімпаздарға диплом, қамшы және 100 мың теңге сыйлық берілді. Ал «Батыр әке» номинациясының жеңімпазы 150 мың теңге сыйлық алды.


«Тыл игеруге қатысып, ұзақ жыл бойы мектепте мұғалім, директор қызметін атқардым. Өзім математика пәнінен сабақ бердім. Барлығы 46 жыл білім саласында еңбек еткенмін. Мен 11 бала тәрбиелеп, өсірген адаммын», - деді Сейіт Сүтемгенов.


Айта кетейік, әкелер байқауы кезінде ақтөбелік оқушылар да хат жазған. Әйтеке би ауданы, Қарабұтақ ауылынан келген хатта Тұмаргүл Нұртасқызы өз әкесінің өмірден өткенін, бірақ мәңгі жүрегінде сақтайтынын жеткізген. Ал Мұғалжар ауданы, Бірлік ауылынан Айкөркем әкесі туралы жазып, екі баланы жалғыз өзі бағып отырғанын айтқан. Екі оқушы да арнайы сыйлықпен марапатталды. Әлеуметтік жобаның қорытынды есебі кезінде идея авторы Жаңалық Ахаш билеттен жиналған қаржыны Алға балалар үйінде тәрбиеленіп, колледжге оқуға түскен Ирина Балашоваға табыс етті.

«Ақтөбе медициналық колледжінің фармация факультетінде білім алып жүрмін. «Мейірім» орталығында тегін тұруға мүмкіндік берілген. Алайда уақыты келген соң ол жерден шығамыз. Қазір пәтер алуға қаржы жинап жүрмін. «Менің әкем» байқауына келіп, жақсы әсер алдым. Біз үшін әке ол балалар үйінің директоры - Кенжеғазы Байғазин. Әкеміз бізді үнемі қолдап, қамқорлық көрсетіп жүреді», - деді Ирина Балашова.