Ақтөбеде әкесінің көлігін айдап кеткен жасөспірім жол апаты кезінде көз жұмды

Фото: Report

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Оқиға Ақтөбе қаласы Бауырластар тұрғын алабында болды. 13 жастағы жасөспірім ауруханаға жеткізілгенімен, көз жұмды.

Оқиға 27 қазан күні болды. 13 жастағы жасөспірім әкесінің автокөлігін рұқсатсыз алып, елдімекен аумағында жүреді. Сол кезде көлікті басқара алмай, жол жиегіне аударылған. 

- Жол-көлік оқиғасының салдарынан жасөспірім дене жарақатын алып, медициналық мекемеге жеткізілді. Алайда дәрігерлердің барлық күш-жігеріне қарамастан, көз жұмған. Қазіргі уақытта полиция оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Полиция ата-аналарды кәмелетке толмаған балаларға көлік құралдарын басқаруға жол бермеуге шақырады,- деді Ақтөбе облыстық ПД бастығының орынбасары Ардана Саймағамбетов. 

Қазіргі кезде өңірде «Қауіпсіз жол» жедел-алдын алу шарасы өтіп жатыр. Полиция жол қозғалысын әуеден бақылау үшін бейнекамералары бар дрондарды пайдалана бастады. 

- Облыста жыл басынан бері 1641 жол апаты болды. Жол апаттарының 80 пайызы жүргізушілердің қарсы бағыттағы қозғалыс жолағына шығуы салдарынан тіркелді. Әуеден бақылау кезінде осыған мән беріп жатыр. Үш күн ішінде қарсы бағыттағы қозғалыс жолағына шыққан 60 жүргізуші анықталды,- деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.

Еске салсақ, Ақтөбеде екі көлік соқтығысып, 12 адам қаза тапты. Оқиға Әйтеке би ауданы Белқопа ауылы маңында болды.