АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы, Құмжарған ауылдық округінің әкімі Рамазан Үргенішбаев мас күйінде көлік жүргізіп, ұсталды. Әдеп жөніндегі кеңес әкімге қатаң сөгіс берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті Әдеп жөніндегі кеңес өткізді. Кеңесте 7 мәселе қаралды. Бұл жолы кеңес мүшелерінің алдына Мұғалжар ауданы, Құмжарған ауылдық округінің әкімі Рамазан Үргенішбаев келді. Әкім Ембі қаласында өзінің «Ниссан Тирано» көлігін мас күйінде айдап, жол-патрульдік полициясының қолына түскен. Әкімшілік хаттама толтырылып, әкім 3 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды.
«Мен 6 жылдан бері әкім болып жұмыс істеймін. Болған нәрсені мойындаймын. Алдағы уақытта мұндай қайталанбайды деп сендіремін»,- деді Рамазан Үргенішбаев.
Әдеп кеңесі әкімге қатаң сөгіс берді.
Алтынай Сағындықова
2001-2006 ж.ж. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін тәмамдады. Мамандығы - журналист. Еңбек жолын 2006 жылы "Kerek.info" қоғамдық-ақпараттық газетінен тілші болып бастап, шеф-редактордың орынбасары, шеф-редактор болды. Әртүрлі жылдары "Айқын" қоғамдық-саяси газеті, Bnews.kz, Aktobenews.kz тілші қызметін атқарды. 2017 жылдан бастап Kazinform агенттігінің Ақтөбе облысындағы меншікті тілшісі.