Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, жолда қауіпті маневр жасап, қоғамдық тәртіпті бұзған жүргізуші Ойыл аудандық полиция бөліміне жеткізілді. Ақтөбе қаласының 24 жастағы тұрғыны ауылға барған соң әкімдік ғимаратының алдында дрифт жасап, әкімшілік жауапқа тартылды.
— Жүргізуші BMW маркалы автокөлігінің дөңгелектерін айналдырып, шорт бұрылып, қауіп төндірген. Дауысы жергілікті тұрғындардың наразылығын тудырды және азаматтардың тыныштығын бұзды. Полиция қызметкерлері құқық бұзушыны жедел түрде анықтады. Ол Ақтөбе қаласының 2002 жылы туған тұрғыны болып шықты. Құқық бұзушының транзиттік мемлекеттік нөмірі бар автокөлігі тәркіленіп, аудандық полиция бөлімінің ауласындағы мамандандырылған айып тұрағына қойылды. Жүргізушіге қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабы 1-бөлігі («Ұсақ бұзақылық»-ред.) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Сот шешімімен жас жігітке 86 мың тенгеден астам әкімшілік айыппұл салынды, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі.
Айта кетейік, жыл басынан бері жолда дрифт жасаған 372 жүргізуші жауапқа тартылды. Астанада дрифт жасаған жүргізуші 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Алматыда қала жолында дрифт жасаған жүргізуші 5 тәулікке қамалып, автокөлік арнайы тұраққа қойылды.