«Ақтөбе» ӘКК» АҚ-ның хабарлауынша, қазіргі кезде жергілікті шаруалар тұрақтандыру қорында сақтайтын көкөністі әзірлеп жатыр. Көкөністің бәрі қоймаларды сақталады, бағаны тұрақтандыру үшін әлеуметтік дүкендер мен супермаркеттер арқылы сатылымға шығарылады.
- 2026 жылы жергілікті бюджеттен 5,2 млрд теңге бөлінді. Биыл келісімшарт негізінде 8 614 тонна картоп, 1 414 тонна пияз, 2 049 тонна сәбіз және 1 172 тонна қырыққабат жеткізу жоспарланған. Әлеуметтік маңызы бар басқа да азық-түлік тауарларын жеткізу бойынша келісімдер жасалды. Атап айтқанда «Белес Маркет» ЖШС 20 тонна күнбағыс майын, ал «Ramazan Qus» ЖШС 14,7 млн дана тауық жұмыртқасын жеткізеді. Бүгінде «Ақтөбе» ӘКК» АҚ қоймаларында 286 тонна қант, 10 тонна күнбағыс майы және 272 тонна күріш сақтаулы. Көкөніс шамамен қазан–қараша айларында сатылымға шығарылады. Ал өзгесі қазірдің өзінде әлеуметтік павильондарда бар,- деп хабарлады «Ақтөбе» ӘКК» АҚ.
Еске салсақ, елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру жүйесіне жаңа шектеу енгізілді. Жеке компаниялар енді әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында сақтандыру шарттарын өз қарыздарын қамтамасыз ету құралы ретінде пайдалана алмайды.