Ақтөбеде «Менің әкем» әлеуметтік жобасы іске асырылып жатыр. Барлығы 8 номинация бойынша 116 отбасыдан өтініш қабылданды. Мәселен, «Батыр әке» номинациясының талабы бойынша 8 баланы тәрбиелеген отағасы ғана қатыса алады. Бұл аталымға 10 бала тәрбиелеп, өсірген 90 жастағы Сейіт Сүтемгенов бақ сынап жатыр. Үміткерлер қатарында 40 жасында 10 бала тәрбиелеп отырған Серікбай Ордабайұлы да бар. Ал мүгедек баласын бағып отырған әкелер үшін «Мейірімді әке» номинициясы қарастырылды. Үш қыз өсіріп, тәрбиелеп отырған әкелер «Ханшайымдардың әкесі» аталымына қатысып жатыр.
«Аналар, арулар мерекесі атаусыз қалмайды. Ал әкелер үшін Отан қорғаушылар күнінің маңызы зор. Себебі, Отанды қорғау отбасынан басталады. Ал отбасының беріктігі әкеге байланысты. Әке беделін арттыру, құрметтеу мақсатында «Менің әкем» әлеуметтік жобасы қолға алынды. Біз Ақтөбеде мықты ер азаматтар бар екенін, олар баласы үшін ең жақсы әке екенін жеткізгіміз келді. Жобаға облыстағы аудандардан өтініш түсті. Тіпті, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстары қызығушылық білдірді. Жаңа жобаға тек облыс тұрғындары қатысып отыр. Бізге депутаттар, кәсіпкерлер, әкесін құрмет тұтатын адамдар демеушілік білдірді», - деді идея авторы Жаңалық Ахаш.
«Менің әкем» әлеуметтік жобасына барлығы 200-ден астам өтініш түсті. Оның тең жартысы ғана байқау талаптарын орындап, дер кезінде хат жолдап үлгерген. Қазіргі кезде байқауға қатысып жатқан әкелердің ең жасы 25-те, үлкені 90 жаста.
«Бізде баласы үшін бар күш-жігерін арнап, мүгедек сәбиін емдетуге шетелге шығып жүрген әкелер де бар. Сонымен қатар, жалғызбасты әкелердің де ұл мен қызын өзі бағып-қағып отыр. Жоба кезінде мұғалімдер мен дәрігерлерге, құқық қорғаушыларға, өнер адамдарына арналған номинация қарастырылды. Баласын білім мен спорт, өнер сайыстарына қатыстырып, жеңімпаз тәрбиелеген әкелер де атаусыз қалмайды. Әлеуметтік жобасы қолға алған кезде ұлттық салт-дәстүрімізді ұмыт қалдырмадық. Біз әкелерге ақшалай сый береміз әрі қамшы сыйлаймыз. Әр қазақтың үйінде, төрінде қамшы ілулі тұруы шарт»,- деді Жаңалық Ахаш.
Айта кетейік, «Менің әкем» жобасы кезінде әке туралы ән айтылып, театрландырылған көрініс ұсынылады.